«Мәңгілік полк» акциясына қатысуға шақыратын дипфейктерді талдайық

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мен танымал журналистер «Мәңгілік полк» шеруі өтетінін айтып жатқан жалған ақпараттар тарай бастады. Бұл видеоларда олар шеруге шығуға шақырады немесе өздері қатысатынын хабарлайды-мыс.

Мысалы, фейк авторлары шеруге қатысуға шақырған хабарламаларда Гүлнар Бажкенова, Ғазиза Райымбек және Вадим Борейконың телефон нөмірлерін көрсеткен.

Сонымен қатар интернетте Ғазиза Райымбек, журналистер Әсем Жәпішева мен Динара Сәтжан, премьер-министр Олжас Бектенов, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың дипфейк бейнелері тарады.

Factcheck.kz бұл жалған видеоларды зерттеп, олардың қалай пайда болғанын түсіндіреді.

Әсем Жәпішеваның дипфейк бейнесі

Әсем Жәпішеваның бейнесімен жасалған дипфейк видео шынайы көрінеді және бір қарағанда күмән тудырмайды. Тіпті бұл ролик бұған дейін жолыққан басқа дипфейктерге қарағанда сапалы жасалған деуге болады.

Дайын видеодағы сөзді ауыстыруға арналған құралдар адамның тек төменгі жақ бөлігін өзгертеді, ал дененің қалған бөлігін және фонды сол күйінде қалдырады. Дипфейк жасаушылар адамның ернін жаңа мәтінге сәйкестендіріп қозғалтуды меңгерсе, қол қимылдары мен ым-ишаралардың сол мәтінмен сәйкес келмей қалуы олардың әлсіз тұсы болып отыр.

Мұндай дипфейктер бұрыннан бар видеолар негізінде жасалатындықтан, олардың жалған екеніне көз жеткізудің ең оңай жолы — бастапқы бейнені табу. Көп жағдайда бұл іздеу жүйелерінен сурет бойынша кері іздеу арқылы жүзеге асады.

Біз талдап отырған дипфейкте Әсем Жәпішеваның 2022 жылдың 28 наурызында Dope Soz YouTube-арнасына берген сұхбаты қолданылған. Атап айтқанда, Жәпішева мемлекеттік тапсырыс жайлы сөйлеген 10:03–10:12 минуттар арасындағы үзінді қолданылған. Ол видеода ешқандай ата-бабасы туралы айтпаған.

Қол қимылдары мен көздің қозғалысы сақталғанымен, дауыс пен еріннің қимылы сәйкес келмейді.

Динара Сәтжанға қатысты жасалған дипфейк (оны мына жерден көруге болады) 27 ақпанда журналистің Instagram парақшасына жариялаған видео негізінде жасалған. Онда ол Freedom Finance академиясын жарнамалап отыр, «Мәңгілік полк» туралы ештеңе айтылмаған.

Ғазиза Райымбекке қатысты дипфейк (мына жерден көруге болады) 2017 жылы желіге жарияланған сұхбат негізінде жасалған. Атап айтқанда, оның өзін таныстырып, өзі туралы айтатын сәттері – видеодағы 19–29 секунд аралығындағы үзінділер қолданылған.

Премьер-министр Олжас Бектеновке қатысты дипфейк (мына жерден көруге болады) 2018 жылы оның Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметінде жүрген кезінде 24kz телеарнасына берген сұхбатының негізінде жасалған. Бұл сұхбатта жемқорлық мәселесі сөз болған. Біз айтып отырған бөлік 1:32 уақытынан басталады.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке қатысты дипфейк (оны мына жерден көруге болады) 2024 жылдың желтоқсанында 24kz телеарнасындағы «Бетпе бет» бағдарламасына берген сұхбат кадрлары арқылы жасалған.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа қатысты дипфейкте (оны мына жерден көруге болады) 2024 жылғы 4 сәуірде тасқындарға байланысты жарияланған бейнеүндеу қолданылған.

Ал Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың 7 мамырдағы әскери парадтың 9 мамырға ауыстырылғанын айтып тұрғандай көрінетін дипфейк (оны мына жерден көруге болады) оның 2023 жылғы қарашада Мәжілісте сөйлеген сөзінің негізінде жасалған. Бұл фрагментті дипфейк авторлары КТК телеарнасынан алған. Онда Жақсылықов жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары мен жиендерінің әскери борышын өтегенін айтқан-ды.

Контекст

Жасанды интеллект дамыған сайын, ЖИ көмегімен жасалатын жалған ақпарат көбейіп барады. 2024 жылдың наурызында Factcheck.kz Мұхтар Жәкішевтің дипфейкі қолданылған «Қазатомпром» атты ойдан шығарылған инвестициялық платформаны жарнамалауға қатысты алаяқтық схеманы зерттеген еді.

Factcheck.kz