Журналистер өшпенділік тілінен қалай сақтануы керек?

“Өшпенділік тілі”, “қастастық тілі” немесе кейбір жерде “ғадауат тілі” деп аталып жүрген термин кейінгі онжылдықта көбірек айтыла бастады. Ал журналистер арасында түрлі кейстер, әсіресе, ұлтқа, жынысқа, тілге не дінге байланысты ақпарат таратар тұста көп байқалады. Бұл ұғымның не екенін білсек те, жеме-жемге келгенде ең жұмсақ түрінің өзі көрініс тауып жатады. Мысалы сіз, қандай да бір оқиғаға байланысты ақпарат таратарда өзіңіздің жынысыңызды, ұлтыңызды не дініңізді алға қойсаңыз, бұл құрыққа түскеніңізді көрсетуі мүмкін.

АҚШ-тың 47-президенті Доналд Трамп билікке келе сала ЛГБТК+ өкілдерінің құықтарына қатысты мәлімдеме жасап, елде тек екі жыныс өкілі болатынын айтты. Кейін Қазақстанда мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТК+ өкілдеріне “ескерту” жасады. Артынша біраз сайт өшпенділік тілін тудыратын сөз тіркестерін кликбейт ретінде пайдаланып, ақпарат жариялады. Бұл Қазақстандағы кейстің тек бірі ғана…

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш 2019 жылы өшпенділік тілінің маңызын айта келе, оған қатысты арнайы стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ әлемде ксенофоюияның, нәсілшілдіктің, антисемитизмнің, исломофобияның және төзімсіздіктің қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Кейінгі 75 жылдықта өшпенділік тілінің Руандадан бастап, Босния, Мьянма және Камбоджадағы геноцидтің бастаушысы екенін мойындады.

Жек көрушілікті қоздыру — бұл төзімділікке, инклюзивке, әртүрлі көзқарасқа және адам құқықтарының нормалары мен қағидаттарына төнген шабуыл. Кең мағынада алғанда, бұл әрекет қоғамдық бірлікті әлсіретіп, ортақ құндылықтарды жояды және зорлық-зомбылықтың негізін қалауы мүмкін. Бұл бейбітшілікке, тұрақтылыққа, орнықты дамуға және баршаға адам құқықтарын қамтамасыз етуге қауіп төндіреді.

Антонио Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы

Өшпенділік тілі дегеніміз не?

БҰҰ анықтамасы бойынша, өшпенділік тілі – төзімсіздікке, әлеуметтік бірлікке және адам құқықтарына жасалған шабуыл. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш өшпенділік тіліне сөз бостандығына нұқсан келтірмей қарсы тұруымыз керек екенін айтады. Ал сөз бостандығы жайында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларациясының 19-бабында әр адам пікір білдіруге және ойын еркін айтуға құқылы екені анық жазылған.

Өшпенділік тілі – белгілі бір адамдар тобына, оның нәсіліне, дініне, тіліне, жынысына, ұлтына және тіпті руына байланысты алалайтын, кемсітетін сөздерді қолдану. Журналистер кейбір жағдайда өшпенділік тілін пайдаланып жатқанын байқамайды, алайда мұны ақтауға келмейді. Өшпенділік тілі көбіне стереотиптерден, мифтерден және қоғамда қалыптасып қалған нарративтерден туындап жатады.

Бұл тұста ортаға ой еркіндігі не сөз бостандығы деген термин келеді. Яғни “әр адам ойын ашық айта алады емес пе?” деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Алайда бұл жерде келесіні ескерген жөн: сөз бостандығы – бұл адамның пікірін, ойын еркін білдіру, ақпаратты алу және тарату құқы, ал өшпенділік тілі – белгілі бір топты кемсітуге бағытталған пікір. Яғни сөз бостандығы адам құқын қорғаса, өшпенділік тілі керісінше, адам құқын шектейді.

Журналистер көбіне қандай қате жібереді?

Журналистердің өшпенділік тілін байқаусызда не мақсатты пайдалануын көбіне ұлтараздық қақтығыс болғанда, белгілі бір жыныс не ориентация өкіліне, дінге және тілге қатысты материал жазғанда байқаймыз. Алайда кейбір қатені өздері байқамай қалып жатады, ал оларды анықтау үшін арнайы зерттеу керек. Осы тұста біз социолог, PaperLab әлеуметтік саясатты зерттеуге бағытталған зерттеу тобын құрушылардың бірі Серік Бейсенбаевтан пікір сұраған едік. Серік Бейсенбаев қазіргі журналистер жіберетін қателерді әрі оларға айтылатын ұсынымдардың ТОП-5 тізімін атап шықты:

  1. Жалпылау және топтық белгілерге негізделген фрейм (frame) беру. Журналистикада жиі кездесетін қате – жекелеген тұлғаның немесе оқиғаның әрекетін тұтас этникалық, діни немесе әлеуметтік топқа телу. Бұл тәсіл оқырманда белгілі бір қауымдастыққа қатысты жаңсақ, біржақты пікір қалыптастырады және стигматизацияға әкеледі. Мысалы, Қордай оқиғасы кезінде бірнеше адамның құқықбұзушылығы бүкіл этникалық топтың сипаты ретінде ұсынылды. Сауатты журналистикада басты назар топтық белгіге емес, нақты дерек пен фактінің өзіне аударылу керек. Яғни, оқиғаны сипаттауда “кім?” деген сұраққа емес, “не істеді?” деген сұраққа мән беру маңызды. Бұл ғылыми тұрғыда индивидті коллективтіктен бөліп қарау қағидасына сәйкес келеді.
  2. Көрнекі материалдағы (фото, инфографика) стереотиптерді пайдалану. Визуалды құралдарда кейбір топтарды әдейі немесе кездейсоқ бір ғана визуалдық бейнемен ұсыну – сол топ туралы стереотипті бекітуге ұласады. Бұл құбылыс медиасарапшылар тарапынан “визуалды стигматизация” деп сипатталады. Мысалы, этникалық азшылық туралы жаңалықтар міндетті түрде ұлттық киімдегі немесе нақты бір визуалды стереотипке сай адамдардың суретімен иллюстрацияланады. Визуалды контент дайындарда әртүрлілікті көрсетуге, көріністер мен тұлғаларды бейтарап таңдауға және қоғам өкілдерімен ақылдасуға кеңес беріледі.
  3. Дереккөздерді сыни тұрғыдан бағаламау және контексті елемеу. Журналистер кейде дереккөздерді тексермей, олардың айтқан пікірлерін талдаусыз, контекстсіз береді. Әсіресе әлеуметтік желідегі радикалды, өшпенді пікірлерді сол күйі жариялау өшпенділік сөздерінің тарауына түрткі болады. Мысалы, этникалық сипаттағы жанжал туындаған кезде кейбір медиа қоғам қайраткерінің, саясаткердің немесе блогердің үстірт айтқан пікірін ешқандай балама немесе сараптамалық түсініктемесіз жариялай салу жағдайлары кездеседі. Сондықтан, әр мәлімдемеге сын көзбен қарап, фактілерді тексеріп, қажет болған жағдайда балама пікірмен немесе сараптамашының түсініктемесімен толықтыру керек.
  4. Әралуан пікірге жеткілікті мүмкіндік бермеу. Дін, этника, тіл мәселелері сияқты күрделі тақырыптарда журналистер жиі бір жақты ұстанымға немесе тек негативке басымдық береді. Осы орайда материал әзірлеу барысында міндетті түрде қоғамдастық ішіндегі түрлі көзқарастарды қамту, бейтарап сарапшы немесе қауым өкілдерінің пікіріне кеңес сұрау қажет. Сонымен қатар, “QazNetEtiquette” сияқты этикалық кодекстерді пайдаланған абзал. Халықаралық стандарттарға сай болу үшін кәсіби рефлексия жүргізу ұсынылады.
  5. Сезімтал тақырыптарды сенсациялау және қарама-қайшылықты күшейту. Кейбір медиада оқылымды арттыру мақсатында резонансты, конфликтілі оқиғаларды асыра көрсетеумен сипатталады. Бұл әлеуметтік шиеленістерді күшейтіп, топаралық сенімсіздікті арттырады. Сондықтан, сезімтал оқиғаларды жариялағанда, объективті әрі нейтрал тіл қолдану, эмоциялық жүктемеден аулақ болу және барлық тараптың аргументін теңдей ұсыну қажет.

Өшпенділік тілінің құқықтық жауапкершілігі

ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілгені жазылған. Алайда бұл кепілдік келесі бір тарапты даттауға, кемсітуге не алалауға болады дегенді білдірмейді. Яғни сөз бостандығы негізге ала отырып өшпенділік тілін қоздыруға, араздықты, дискриминацияны, теңсіздікті насихаттауға жол жоқ екенін көрсетеді. Конституцияның 39-бабы 2-тармағында “Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады” деп айқын жазылған. Осыдан-ақ адамды кемсітетін кез келген әрекетті сөз бостандығымен ақтап алуға болмайтынын көреміз.

MediaNet халықаралық журналистика орталығы “Өшпенділік тіліне мониториң жүргізу және алдын алу” туралы ҚР мемлекеттік қызметшілеріне арналған әдістемелік нұсқаулығын шығарған-ды. Нұсқаулық бойынша сөз бостандығына шектеулер енгізілген жағдайда олардың конституциялық нормаларға қаншалықты сәйкес екенін тексеру керектігін жазған. Тексеруде мынадай негізгі 3 жағдай ескеріледі:

  1. Шектеу заңмен белгіленеді. Қазақстандық заңнаманың мәні бойынша үкімет те, министрліктер де, басқа органдар да өз актілерінде шектеу қоя алмайды;
  2. Шектеу қажет болғанда қойылуы керек. Шектеу қоятындай үлкен себеп болуы керек;
  3. Шектеудің заңды мақсаты болуы керек, нақты айтар болсақ: республиканың конституциялық құрылысын қорғау; қоғамдық тәртіпті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау; денсаулықты қорғау; адамгершілікті қорғау.

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға қатаң тыйым салынады. Жоғарыдағы нұсқаулықта заңнамадағы “алауыздық” ұғымы біз айтып жатқан “өшпенділік” не “жеккөрушілік” терминдерімен мағына тұрғысында сәйкес келеді дейді. Дегенмен нұсұқаулық авторларының жазуынша, “алауыздықты қоздыру” не “насихаттау” түсініктерін айқындау өте күрделі процесс.

Әкімшілік жауапкершілікке келетін болсақ: ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 453-бабына сәйкес, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттайтын кез келген материалдар қамтылған масс-медиа өнімін Қазақстан аумағында таратқаны үшін жауапқа тартылады. Әрине, егер құрамында қылмыстық жазаланатын іс-әрекет байқалмаса:

  • Жеке тұлғаға – 20 АЕК;
  • Лауазымды тұлғаға – 25 АЕК;
  • Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК;
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.

БҰҰ 2021 жылы өткен Бас ассамблеяда әр жылдың 18 маусымын өшпенділік әрі халықаралық жеккөрушілікті қоздыруға қарсы күн деп жариялады. Гуттериштің айтуынша, халықаралық құқыққа сәйкес, мемлекеттер өшпенділік тілін болдырмауға әрі алдын алуға, онымен күресуге міндетті екенін жеткізді. Қорыта айтсақ, өшпенділік тілін ешқандай да сөз бостандығы не ой еркіндігімен ақтап алуға болмайды. Журналист ақпарат жазарда жынысын, ұлтын, тілін, дінін және нәсілін ұмытып, басты міндеті – шынайы ақпарат таратуы керек.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz