Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде “Түркіменстан халқы VPN пайдаланбау үшін Құранмен ант беріп жатыр” деген ақпарат тарап жүр (1,2,3,4). Ақпаратқа сай, Түркіменстанда үйіне интернет сымын тартқысы келген азаматтарға Құранмен ант беруді талап етіп жатыр-мыс. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz аталған деректі тексеріп көрді.
Үкім: Дәлелденбеген
Бұл ақпарат туралы алғаш 2021 жылы 10 тамызда Azattyq-тың Түркіменстандағы қызметі жазған болатын. Azattyq-тың жазуынша, түркімен билігі интернет орнатқысы келген азаматтарға VPN пайдаланбау үшін Құранмен ант қабылдатқызған. Дегенмен әлі күнге дейін ресми түрде азаматтар арасында ант беруге байланысты мәжбүрлі жағдайлар тіркелген жоқ дейді. Сондай-ақ Түркіменстанның БАҚ туралы заңы мен интернетті дамыту және қызметтерді ұсыну туралы заңында да VPN туралы сөз жоқ.
Дегенмен Түркіменстанда интернет пен VPN-ді шектеу туралы бұл алғашқы хабар емес. Бұған дейін де VPN қолданды деген күдікпен 10-сынып оқушылары мен мұғалімдер жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Арагідік VPN мен қоса ZOOM платформасы мен PayPal төлем жүйесін де шектеп отырады. Мамандардың айтуынша, Түркіменстан билігі немістің Rohde&Schwarz компаниясының онлайн бақылауға арналған жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде VPN қосымшаларын орнату бойынша қызмет көрсететін мамандарға қысым жиілеп кетті дейді.
Түркіменстан халқы қаншалықты интернетпен қамтамасыз етілген?
Түркіменстан билігінің дерегінше, елді мекендердің барлығы 100% жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. “Türkmenaragatnaşyk” агенттігінің төрағасы Қажымұрат Құдайгулыевтің айтуынша, қазіргі таңда Түркіменстанда 3 149 178 адам интернет қолданады, оның 421 мыңнан астамы сымды интернет дейді. Алайда халықаралық ұйымдар бұл ақпаратқа сенбейді. Ақпараттың қол жетімсіздігіне байланысты халықаралық ұйымдар көбіне ақпарат жарияламайды не ескі дерекке жүгінеді. Мысалы БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Түркіменстанда тек 5% халық интернетпен қамтамасыз етілген. Ал халықаралық телекоммуникация одағының дерегінше, интернетпен қамтамасыз етілген халықтың үлесі – 21,3%. Freedom house-тың ақпаратына сай, Түркіменстан – азаматтарының саяси құқықтары мен бостандықтары іс жүзінде толығымен жоққа шығарылатын репрессиялық авторитар мемлекет. Сондай-ақ. интернет цензурасы жоғары мемлекеттің бірі деп бағаланады. Ал шекарасыз репортердің жазуынша, Түркіменстанда сөз бостандығы мүлде жоқ, 180 мемлекеттің арасында 175-орында.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.