Ресей америкалық журналист Эван Гершковичты 16 жылға соттады

Ресейдің Екатеринбург қаласындағы сот The Wall Street Journal басылымының тілшісі, америкалық Эван Гершковичты “шпионаж” айыбымен 16 жылға түрмеге қамады. Сот процесі жабық өтті. Гершкович қатаң режимдегі түрмеге жіберілді. Үкімнің алдында айыптау тарабы журналиске 18 жыл сұраған еді. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Гершкович — Совет одағы уақытынан бері шпионаж айыбымен сотталған алғашқы америкалық журналист. Тергеу тарабы Гершкович ЦРУ тапсырмасымен әскери техника шығаратын және жөндейтін “Уралвагонзавод” туралы дерек жинады деп айыптаған. Ресей бұл зауыт жайлы ақпарат “мемлекеттік құпияға жатады” дейді. Журналист 15 ай бойы тергеу изоляторында қамауда отырған. 

Гершкович өзіне тағылған айыпты мойындамайды және Ресейде тек журналистік қызметпен айналысқанын айтқан. Тергеу журналистің шпионажбен айналысқанына дәлелдерді жарияламады, тек Гершкович америкалық барлауға жұмыс істеді деген. 

АҚШ билігі мен The Wall Street Journal істі қолдан ұйымдастырылған деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаменті Гершковичке “заңсыз ұсталған адам” деген статус берген. 

Factcheck.kz