6 қазанда өткен референдумда тәуелсіз бақылаушылар бірнеше құқық бұзушылықтың болғанын айтып, айғақ ретінде түрлі сурет пен видео таратты. Оның кейбірін Azattyq радиосы Instagram парақшасына тізіп жариялады. Соның ішінде — Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте орналасқан № 456 учаскедегі бюллетеньді топтап салу оқиғасы — елдің назарын аударды. Azattyq радиосы осы жағдай бойынша Түркістан облысы аумақтық референдум комиссия төрағасынан пікір сұраған еді. Төраға орынбасары Ілияс Қаланов “көрініс сол күні, сол жерде түсірілмеген, бақылаушы ескі видеоны жай ермек үшін чатқа сала салған” деп жауап берді. Azattyq раиосындағы әріптестеріміздің сұрауы бойынша видеоның қашан түсірілгенін анықтап көрдік.
Ескерту: № 456 учаскеде тәуелсіз бақылаушы болған Берік Әбенов 6 қазанда Azattyq журналистеріне видеомен қоса бюллетеньді салған әйелдің аты-жөнін де суретке түсіріп жіберген. Бейнедегі әйелдің аты-жөні — Бердибаева Жанат Болысбековна, Ш.Уәлиханов мектебінде тарих пәнінен сабақ береді, № 456 сайлау учаскесінің хатшысы. Azattyq радиосы Түркістан облысы аумақтық референдум комиссиясына осы жөнінде хат жолдаған. Ордабасы ауданданының аумақтық референдум
комиссиясының сөзінше, Бердибаева Жанат Болысбековна 2015 жылдан бері № 456 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы міндетін атқарып келеді.
Factcheck.kz видеоның метадатасын анықтай алмайды, себебі видеоның түпнұсқасы WhatsApp арқылы жіберілген, ондай жағдайда метадата WhatsApp-қа жүктелген уақытқа сай өзегереді. Ал видеоның түпнұсқасын ала алмадық, себебі Azattyq-тың жазуынша, Берік Әбенов телефонын көтермей, хабарсыз кеткен.
Осы жағдайларды ескере отырып, Factcheck.kz редакциясы аталған видеоның бұрын не 6 қазанда болған референдум кезінде түсірілгенін анықтау үшін 2015 жылдан бергі түрлі сайлау мен референдумның №456 учаскеде түсірілген видеолары мен суреттерін шолып шықты. Себебі Бердибаева Жанат Болысбековна сол кезден бастап №456 учаскеде хатшы қызметін атқарып келеді. Одан бері 8 сайлау процессі өтті, олар:
- 2015 жылғы 26 сәуірде болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы;
- 2016 жылы 20 наурызда болған ҚР мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы;
- 2019 жылы 9 маусымда болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы;
- 2021 жылы 10 қаңтарда болған ҚР мәжіліс депутаттарының сайлауы;
- 2022 жылы 5 маусымда болған республикалық референдум;
- 2022 жылы 20 қарашада болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы;
- 2023 жылы 19 наурызда болған ҚР мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы;
- 2024 жылы 6 қазанда болған республикалық референдум.
2024 жылы 6 қазанда болған республикалық референдум
6 қазандағы референдумда Бердибаева Жанат Болысбековна №456 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы болды. Комиссия құрамында төраға мен орынбасары және 6 комиссия мүшесі бар. Біз қараған әлеуметтік желілерде дәл №456 учаскеге байланысты суреттер өте аз, дегенмен Facebook-та бірдей мәтінде бірнеше пост таптық. Жанторе Абылаевич пен Жадыра Ерсултанова есімді желі қолданушылары 6 қазанда “өз көзқарасымды білдірдім” деп басталатын ұқсас пост салған. Екеуі де №456 учаскеге барып дауыс берген, суретке мұқият қарасаңыздар фондағы адамдар, гүл, сол жақтағы үстелде үлулі тұрған күртеше тіпті партаға жабылған ақ матаның еденге жетпей қалған жері де тұп-тура видеодағы скринмен сәйкес келеді.

Төменде сол жақта: Жадыра Ерсултанованың суреті / Төменде оң жақта: Жанторе Абылаевичтің суреті
Сонымен қатар, Ордабасы ауданы әкімі аппаратының сайтында 29 қыркүйекте “Референдумға әзірлік семинары өткізілді” деген тақырыпта матеиал жарияланды. Темірлан ауылындағы № 455 сайлау учаскесінде дайындық семинары өткізілген, суреттерге назар аударсақ, Бердибаева Жанат Болысбековнаға ұқсайтын әйелді байқауға болады.
Сондай-ақ Ордабасы аумақтық сайлау комиссиясы 18 қыркүйекте № 456 сайлау учаскесінде өткен семинар туралы пост салған. Сол жердегі суреттерге мән беріп, видеодағы элементтерге ұқсас детальдады көреміз.


2015 жылғы ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы мен 2016 жылы мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы
Ордабасы аудандық аумақтық референдум комиссиясы Бердибаева Жанат Болысбековнаның 2015 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін №456 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы міндетін атқарып келетінін мәлімдегенін білеміз. Алайда 2015 және 2016 жылдары №456 сайлау учаскесі мүлде болмаған. Бұлай дейтініміз Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы әкімінің “Ордабасы ауданы аумағында сайлау учаскелерін құру туралы” 2015 жылғы 21 қазандағы №49 шешімі бойынша, сайлау учаскелері 498-номерден басталады. Ал жалпы сол кезде Темірлан ауылында 5 сайлау учаскесі болған — №518, №519, №940, №941 және №1071. Бұл уақытта Әзімбаев көшесінде орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы мектеп №518 сайлау учаскесінің құрамына кірді. Құжат Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімінің 2018 жылғы 8 қарашадағы №31 шешімімен күшін жойды. Яғни 2015-2016 жылдардағы сайлауда №456 учаске болмаған, сол үшін де 2015 және 2016 жылғы сайлаудағы бейнематериалдарды қарамаймыз.
2019 жылы 9 маусымда болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы
Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімі 2019 жылы 9 маусымда Facebook парақшасына “ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына алғаш рет ең жас сайлаушылар бірі болып ҚЫЛЫШБАЙ Әлия Абайқызы өз таңдауын № 456 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады” деп пост салды. Видеоның скриншоты мен ішкі саясат бөлімінің суреті және ондағы элементтер (стенд, үстелдер мен орындықтар, сайлау жәшігінің қалай жабылғаны) мүлде ұқсамайды, сол үшін де біз видео 2019 жылғы сайлауда түсірілмеген деп айта аламыз.


2021 жылы 10 қаңтарда болған ҚР мәжіліс депутаттарының сайлауы
Бұл жылы №456 сайлау учаскесі Темірлан ауылының мәдениет үйінде орналасты. Мұны жергілікті Aiqak.kz сайтындағы жариялаған суреттерден және осы учаскеге барып, пост салған адамдардың жазбасынан байқауға болады (1, 2). Ал Ш.Уәлиханов мектебінде №455 сайлау учаскесі орналасты. Мұны тағы да Жанторе Абылаевич пен Жадыра Ерсултанованың және Гульмира Тубельбаеваның Facebook парақшасындағы посттарынан аңғарамыз. Сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтардағы суреттерге қарасаңыз, дауыс берушілердің бәрі коронавирусқа байланысты маскамен жүр, ал бақылаушылар мен комиссия мүшелері медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
2022 жылы 5 маусымда болған республикалық референдум
Ордабасы ауданы әкімдігінің сайтында дауыс беруге келген ерлі-зайыптылар туралы материалдағы суреттерге қарасақ, №456 учаске Ш. Уәлиханов мектебінде орналаспаған. Сондай-ақ Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімі Facebook парақшасына жариялаған суреттерге үңілсек, видеодағы скринмен сәйкес келмейді. Бағлан Батыршаев есімді азаматтың да суреттерінен №456 учаскенің басқа жерде орналасқанын байқаймыз.
2022 жылы 20 қарашада болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы
Дәл сол жылы 20 қараша болған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында №456 сайлау учаскесі Темірлан ауылындағы Ш.Уәлиханов мектебінде орналасты. Мектептің Facebook парақшасындағы 20 қарашада жариялаған суреттерге қарасақ, біз тексеріп отырған видеодағы скриннен өзгешелік байқалады. Едендегі кілемнен бастап, қабырғадағы стенд, орындықтың түсі, гүлдің тұрған жері және ұзындығы сәйкес келмейді.


2023 жылы 19 наурызда болған ҚР мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы
“Бұрынғы видео” деп мәлімдеген Ілияс Қалановтың сөзіне дәлел болар сайлау науқанының ең ықтималы – 2023 жылы 19 наурыз еді. Алайда біз тапқан деректер мұны жоққа шығарады. Сол жылы да №456 сайлау учаскесі Темірлан ауылындағы Ш.Уәлиханов мектебінде орналасты және біз білетін Жанторе Абылаевич пен Жадыра Ерсултанованың дауыс беруге қайта барған суреттерінен көреміз. Бірақ, тексеріп отырған видео мен 2023 жылғы сайлаудың суреттері сәйкес келмейді. Мысалы оң жақ қатардағы стендтің жоқ екені, Жанторе мен Жадыраның екі суретте екі түрлі киім киюі және басқа да детальдардан байқауға болады.


Қорытынды
Azattyq радиосындағы әріптестеріміздің сұрауы бойынша видеоны талдап, бейненің 2024 жылы 6 қазанда түсірілген деген қорытынды жасай аламыз. 2015-2018 жылдары №456 сайлау учаскесінің болмағанын ескерсек, 2019 жылдан бергі 6 сайлау науқанындағы суреттерді талдап, қолда бар видеомен салыстыра отырып анализ жасадық. Сондықтан да бұл водеоның “бұрын түсірілуі” мүмкін емес. Бір қызығы, Түркістан облысы аумақтық референдум комиссия төраға орынбасары Ілияс Қаланов бұл бейнені “бұрынғы видео” деп айтуының өзі осы уақытқа дейінгі сайлау науқандарының белгілі бір деңгейде әділ өтпегенін меңзейді. Оның үстіне, Бердибаева Жанат Болысбековна бұрынғы сайлауда бюлльетенді топтап салып, заң бұзса, ол неге әлі хатшы қызыметінде отыр немесе қандай жаза алды деген заңды сұрақ туады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.