Қырғызстанда Temirov LIVE, “Айт, Айт десе”, “Арча Медиа” және “ПолитКлиника” жобаларының бұрынғы және қазіргі журналистерінің үстінен өтіп жатқан сотта прокурор олардың бәрін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Прокурор үйқамаққа жіберілген журналистерді қамауға алуды сұраған. Ал тәуелсіз сараптама жүргізген сарапшы сот процесіне бармаған, сол себепті тараптар жарыссөзге көшті.
Айта кетері, Қырғызстан милициясы Temirov LIVE және “Айт, Айт десе” жобаларының қазіргі және бұрынғы қызметкерлерін, жалпы 11 журналисін биыл қаңтардың ортасында ұстады. Оларға “билік өкілінің заңды талабына бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетуге шақырды” (278-баптың 3-бөлігі) деген айып тағылып отыр. Журналистер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан билігін журналистерді босатуға, сөз еркіндігіне қысым көрсетуді тоқтатуға шақырған.