“Құқықтық медиа орталығы” қазнеттің барлық пайдаланушысын Маричеваға қатысты сот шешіміне қарсы акцияны қолдауға шақырады. 4 маусымда сот ProTenge жобасының негізін қалаушы Джамиля Маричеваның ісі бойынша апелляциялық шағымды қарастыратынын айта кетейік.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімшілік соты ProTenge басылымының құрылтайшысы және бас редакторы Джамила Маричеваны жалған ақпарат таратты деп танып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сотқа ProTenge-нің ҚР сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисін аккредиттеуден бас тартқанда, редакцияны қолдау жазбасы себеп болған. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл пост «қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырады» деп есептеген. “Құқықтық медиа орталығы” бұған қатысты былай дейді:
Әрине, бұл жазба қоғамдық тәртіпке ешқандай әсер етпейді. Ешкімнің де құқығын бұзбайды. Алайда, бұл шешім КЕЗ КЕЛГЕН интернет қолданушысына әлеуметтік желіде дәлелденбеген шағын жазбасы үшін айыппұл салуға болатынын білдіреді. Бұл абсурд әрі қауіпті, өйткені, мұндай тәжірибе заңдарымызға қайшы және ақылға қонымсыз ғана емес, сонымен бірге барлық халықаралық стандарттарға керағар.
“Құқықтық медиа орталығы”
Орталық Маричеваның орнында кез келген қазақстандық болуы мүмкін екенін ескертеді.
Басты беттегі сурет Джамиля Маричеваның жеке парақшасынан алынды.