Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға, репрессив заңдардан бас тартуға және азаматтық қоғамға жасалып жатқан қысымды тоқтатуға үндеді. Бұл туралы «Власть» жазды.
Бұл үндеуді Civil Rights Defenders, Халықаралық адам құқықтары жөніндегі әріптестік (IPHR), Araminta, Freedom Now, Норвегияның Хельсинки комитеті, People in Need, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация (FIDH), және Азаптауға қарсы дүниежүзілік ұйым (OMCT) жариялады.
Олар Орталық Азия басшыларын 4 сәуірде өткен «ЕО – Орталық Азия» саммитінде қабылданған декларациядағы уәделерді дереу орындауға шақырды. Бұл декларацияда сөз бостандығы мен еркіндігін қорғау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ үшін қолайлы орта қалыптастыру, құқық қорғаушылардың, әйелдер мен балалардың құқығын сақтау сияқты міндеттемелер жарияланған еді.
«Олар ең алдымен, түрмеде отырған барлық журналисті, блогерді, адвокаттарды, құқық қорғаушыларды, азаматтық белсенділерді және саяси оппоненттерді босатуға тиіс. Бұл адамдардың бәрі негізсіз және кек алу мақсатында тағылған айыптар бойынша жауапқа тартылып, сотталған. Сонымен қатар адам құқығы стандарттарына қайшы келетін заңдарды жою немесе қайта қарау қажет», – делінген халықаралық ұйымдардың мәлімдемесінде.
Ұйымдар Орталық Азия үкіметін экстремизмге қарсы күрес пен жалған ақпаратпен күрес саясатын азаматтық қоғамды қудалау үшін пайдалануды доғаруға шақырды. Құқық қорғаушылар Қазақстан президентін азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанды, оппозициялық партия жетекшісі Марат Жыланбаевты, белсенді Ержан Елшібаевты және сатиралық блогер Темірлан Еңсебекті дереу босатуға үндеді.
«Бұл азаматтар өздерінің азаматтық және саяси құқықтарын жүзеге асырғаны үшін қуғынға ұшырап отыр деп санаймыз. Оларға тағылған айыптарды растайтын нақты дәлелдер ұсынылған жоқ», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ ұйымдар Қазақстан билігін «экстремистік әрекетке қатысу», «алауыздық қоздыру» және «жалған ақпарат тарату» баптары бойынша жаза көздейтін Қылмыстық кодекстегі кең әрі түсініксіз тұжырымдарды жоюға немесе мұқият қайта қарауға шақырды. Құқық қорғаушылар бұл баптардың билікке сын айтқандарды қудалау үшін қолданылатынын да атап өтті.
Сонымен қатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін «шетел агенттері туралы» заң жобасынан бас тартуға, ЛГБТК+ қауымдастығына қарсы шабуылдарды тоқтатуға, шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдарды қудалауды доғаруды талап етті.
Контекст
Бұған дейін «ЕО – Орталық Азия» саммиті қарсаңында Human Rights Watch (HRW) Еуропалық Одақты адам құқықтарын қорғауды басты орынға қоюға шақырды.