Бішкекте әйел құқығы үшін бейбіт шеру өтті

8 наурызда Қырғызстан астанасында әйелдер құқығы үшін бейбіт шеру өтті. «Бішкек феминистік бастамалары» ұйымдастырған шеру Бішкектің Ескі алаңынан басталып, Максим Горький алаңындағы саябақта жалғасты. Бұл туралы «Азаттық Радиосының» орыс қызметі хабарлады.

Маршты ұйымдастырушылар 8 наурызды барлық әйелдің бір-біріне қолдау білдіретін, әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтарын қорғау үшін бірігетін күн деп атады. Әйелдердің үйде, кеңседе немесе басқа жерде жұмыс істейтініне қарамастан, бұл күн олардың ынтымақтастығын білдіреді.

Маршқа шамамен 300 адам қатысты. Олар әйелдердің бостандығы, білім алу құқығы, лайықты өмір сүру, зорлық-зомбылықтан қорғану және қауіпсіз өмір сүру туралы ұрандар жазылған плакаттар ұстап шықты.

Қазақстанда Алматы әкімдігі 8 наурызда митиң өткізуге рұқсат сұраған феминистік топтардың өтінішін бірнеше рет қабылдамады. Қала билігі митиң мен шеру өткізуге ниет білдіргендерге «қоғамдық тәртіпке қауіп төнуі мүмкін» деп жауап берді, бірақ нақты қандай қауіп екенін айтпады. Алматы билігі әйелдер құқығы үшін өтетін шеруге алғаш әрі кейінгі рет 2021 жылы рұқсат берген.

8 наурыз қарсаңында «Феминита» белсенділері Ақторғын Ақкенжебаласы мен Жанар Секербаева 2024 жылғы мамырда өткен Салтанат Нүкенованы қолдау акциясы үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Олар әйелдер құқығы үшін бейбіт жиындарға тұрақты қатысып жүрген.

Басты беттегі сурет Kaktus.media басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz