Адам құқықтары ЕО мен Орталық Азияның басты бағыты болуға тиіс – HRW

Самарқандта өтетін ЕО – Орталық Азия саммиті қарсаңында Human Rights Watch (HRW) Еуропалық Одақты адам құқықтарын қорғауды басты орынға қоюға шақырды. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.

Ұйымның мәлімдемесінде ЕО-ның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын нығайтып, екіжақты келісімдер жасалып жатқаны айтылған. Алайда адам құқықтарын сақтау мен заң үстемдігі кез келген серіктестіктің негізгі шарты болуға тиіс.

«Сыншылар мен белсенділерді қамауға алу, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа қойылған шектеулер ЕО көздеген прогреске қайшы келеді», – деді HRW-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша адвокация директоры Искра Кирова.

Адам құқықтарының бұзылуы

Ұйым Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтар оқиғалары, Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономды облысындағы наразылықтарды күшпен басу, 2022 жылы шілдеде Өзбекстан үкіметі басып жаншыған Қарақалпақстандағы көтерілісті келтіреді.

«Түрікменстанда билік ақпарат құралдарына толық бақылау орнатып, тәуелсіз БАҚ пен шетелдік сайттарды бұғаттайды. Қазақстанда 2024 жылы қабылданған БАҚ туралы заң шетелдік журналистерге аккредитация беруді шектейді. Бұдан бөлек, тәуелсіз журналистер түрмеге жабылып жатыр. Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы 7 жылға сотталса, Данияр Әділбеков «жалған ақпарат таратты» деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды», – дейді HRW.

Ұйым Өзбекстан блогерлерді қудалап, «президентті қорлау» айыбымен түрмеге жауып жатқанын айтады. Қарақалпақ блогері және заңгері Дәулетмұрат Тәжімұратов 2022 жылғы шілде оқиғаларына байланысты 16 жылға сотталғанын, Қырғызстанда тәуелсіз журналистердің жаппай қамауға алынып, Kloop Media секілді беделді медиалардың жабылғанын келтіреді. Тәжікстанда Таулы-Бадахшан автономиялық облысындағы наразылықтар туралы хабар таратқан жеті журналистің қамалғанына алаңдайды.

Азаматтық қоғамға қысым және заңнамалық шектеулер

HRW Орталық Азия елдері үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қысымды күшейтіп жатыр деп есептейді. Ұйым Қырғызстанда 2024 жылы қабылданған заң шетелдік қаржыландыру алатын ҮЕҰ-ларды «шетел өкілі» ретінде тіркелуге міндеттегенін, Түрікменстанда билік сыншыларды елден шығуға шектейтінін мәлімдеді.

«Қазақстанда «экстремизм» туралы екіұшты заңдар белсенділерді ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру үшін қолданылып жатыр. 2023 жылғы 30 қарашада тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев негізсіз «экстремизм» айыбы бойынша 7 жылға сотталды. Сонымен қатар заң шығарушылар «шетел агенті» туралы заңға ұқсас бастаманы қарастырып жатыр. Тәжікстанда адам құқықтарын қорғаушылар мен оппозициялық саясаткерлер «мемлекетке опасыздық» бойынша 18-27 жылға дейін сотталды», – деп жазды HRW.

ЕО қандай шаралар қабылдауы керек?

HRW ЕО-ны Орталық Азия үкіметтерін заңсыз қамауда отырған құқық қорғаушылар мен журналистерді босатуға және репрессивті заңнаманы жоюға шақыруға үндеді.

ЕО қазіргі таңда Орталық Азия елдерімен кеңейтілген серіктестік туралы жаңа келісімдер әзірлеп жатыр. Бұл құжаттар сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін сақтау міндетін де қамтуы керек.

«Бұл саммит ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастар үшін маңызды кезең. ЕО осы мүмкіндікті пайдаланып, адам құқықтарын өзара ынтымақтастықтың негізгі бөлігіне айналдыруы керек», – деді Искра Кирова.

Журналист

Factcheck.kz