5 жастағы балаға мемлекеттен 235 мың теңге беріле ме?

Кейінгі апталарда әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда “5 жасқа толған балаға мемлекеттен 235 мың теңге беріледі” деген тақырыпта материалдар жарық көрді (1,2,3,4). Осыдан кейін халық арасында түрлі түсініспеушіліктер көбейіп, тіпті кейбірі 5 жасқа дейінгі балалар да алады деген пікірлер жазып жатыр. Осы тұста Factcheck.kz ақпараттың анық-қанығын тексеріп көрді.

Бұл қандай бағдарлама?

2023 жылы 1 қыркүйекте президент Тоқаев халыққа жолдауында 5 жастан асқан балаларға арналған “Келешек” бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы сөз қозғаған болатын. Негізгі мақсаты – жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс арқылы білім беру капиталын жақсарту. Кейін үкімет отырысында “Келешек” бағдарламасы талқыланып, негізгі қадамдар жасалды. Оның ішінде 5 жастағы балаларға арнайы шот ашылатыны, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде бір реттік бастапқы капитал салатыны айтылды. Ал 2025 жылдың 10 қаңтарында “Келешек” бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін іске асыратын ҚР кейбір заңнамалық актілерге қол қойды. Өзгерістер күнтізбелік 60 күн, яғни 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.

5 жасқа толғандардың бәріне беріле ме?

ҚР Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңының 3-1 тарауы “Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану және қайтару” бойынша әр жылы 5 жасқа толған балалардың шотына салым шарты бойынша білім беру капиталы түседі. Алайда бұл ерікті салым болғандықтан тек Отбасы банк арқылы шот ашып, ең төменгі жарнаны салған салымшыларға ғана қаражат түседі. Ал ең төменгі жарна 12 АЕК (47 184 теңге), ең жоғарғысы 24 АЕК (94 368 теңге). Бала 18 жасқа толғанша жыл сайын ең төменгі жарнаны салып отыру керек, егер де салмаған жағдайда мемлекет төлеген білім беру капиталы қайтарып алады. Сондай-ақ, салымшы азаматтығын ауыстырғанда, салым шарты салымшының бастамасы бойынша бұзылғанда және қайтыс болғанда қаражат кері қайтарылады.

Қаражатты алу үшін не істеу керек?

“Келешек” бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі бойынша биылғы жылы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында 5 жасқа толған кез келген бала біржолғы бастапқы білім беру капиталын ала алады. Өтініш 2025 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады. Ата-аналар алдымен Отбасы банктен Aqyl білім беру жинақ депозитін ашуы керек, сонда:

  • Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 120 АЕК (472 мың теңге);
  • Қалған салымшылар санаттарына – 60 АЕК (236 мың теңге) шотына түседі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бастапқы білім беру капиталына жыл сайын 12–24 АЕК арасында жарна салып тұруы керек. Жыл сайын мемлекеттен осал топтағы балалар үшін 7%, қалған санаттар үшін 5% мемлекеттік сыйақы беріледі.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz