Трамп TikTok’қа америкалықтардың дербес дерегін жоюға 90 күн уақыт берді

Дональд Трамп TikTok иесі қытайлық ByteDance компаниясы алдағы 90 күн ішінде АҚШ-тағы барлық бизнесінен бас тартып және америкалықтардың жеке дерегін өшіруі керек деген жарлыққа қол қойды. Бұл жайлы Tjournal хабарлайды.

Тамыздың басында Президент Тикток пен WeChat-қа тыйым салу туралы жарлыққа сәйкес компанияларға 45 күн, яғни 20 қыркүйекке дейін уақыт берген еді. Енді жаңа жарлыққа сәйкес мерзім 12 қарашаға дейін ұзартылды.

Трамптың мәлімдеуінше ByteDance компаниясы Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер жасауы мүмкін.

12 қарашаға дейін ByteDance АҚШ-тағы барлық активтерден бас тартып қана қоймай, TikTok немесе оған дейінгі Мusical.ly көмегімен АҚШ-та жиналған пайдаланушылардың жеке дерегінің барлық көшірмелерін жоюы керек. Содан кейін компания шетелдік инвестициялар комитетіне (CFIUS) бұл туралы жазбаша есеп беруі тиіс.

Жарлыққа қол қойылғаннан кейін ByteDance өкілі АҚШ-тағы қызметін одан әрі дамыту ниеті туралы мәлімдеді. Оның айтуынша TikTok платформасын «100 миллион америкалық жақсы көреді»

Ал егер TikTok платформасын америкалық компаниялардың бірі сатып алса, онда ол қызметін еш кедергісіз жалғастыра алады.

Factcheck.kz