Сауалнама | қатысушылардың 14%-і коронавирусқа сенбейді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы 2020 жылдың 2-8 маусым аралығында Қазақстан азаматтары арасында «Биліктің карантин кезіндегі жұмысына берілген баға» тақырыбында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға Қазақстанда тұратын 18 жастан асқан 1100 адам қатысқан. Олардың 53 проценті ер, 47 проценті әйел азаматтар.

Қатысушылардың жартысы (48%) биліктің карантин кезіндегі жұмысына орташа деген баға берді. Олардың ойынша, мемлекет бір міндетті орындауға ден қойғанымен, біраз мәселе тасада қалып жатыр.

Дәл осы сауалды респонденттердің үштен бірі (30%) «жоғары» деп бағалады. Олар үкімет және жергілікті атқарушы органдар жұмыла кірісіп,  жақсы жұмыс істеп жатқанын айтады. Карантин кезінде бірнеше жыл бойы жиналған, шешілмеген проблемалар шығып жатыр. Мемлекеттің жағдайды реттей алмай жатқаны анық деген пікірге қосылып, биліктің карантин кезіндегі жұмысын «төмен» деп бағалағандар – 16%.

Салыстырмалы түрде алсақ, Солтүстік Қазақстан (43%)  мен Қызылорда (40%) облыстарының тұрғындары арасында атқарылған жұмыстарға жоғары баға бергендер көп. Батыс Қазақстан облысы (23%)  мен Нұр-Сұлтан қаласының (21%) тұрғындары арасында енгізілген шараларды нәтижесіз деп бағалағандар басым. 

Карантин кезінде маңызды индикаторлардың бірі – азаматтардың коронавирус инфекциясына көзқарасы. DEMOSCOPE сауалнамасы қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 80%-і, коронавирустың бар екеніне сенеді. Алайда, олардың 33%-і денсаулыққа соншалықты қауіпті деп санамайды. Коронавирустың бар екеніне сенбейтін қатысушылар 14%.

Сауалнама | қатысушылардың 14%-і коронавирусқа сенбейді

Қоғамның жай-күйінен хабар беретін негізгі көрсеткіш – халықтың материалдық әл-ауқаты. DEMOSCOPE сауалнамасы деректері бойынша, респондентердің 37%-нің табысы өзгермеген. 35% азаматың табысы карантин кезінде жұмыстары тоқтап қалуына байланысты қатты азайған. 25%-і табысы аздап қана азайғанын айтты.

Сауалнама барысында «Карантин шараларына негіз бар деп санайсыз ба?» деген де сұрақ қойылды. Қатысушылардың 51-%-i енгізілген шектеулерді толықтай қолдайды. Себебі, коронавирустың жаппай таралып кетпеуіне көмектесетініне сенеді. Олардың 41%-і  коронавирустың зардабы адамдарға қарағанда, экономика үшін ауыр болады деген пікір айтты.

Контекст

Demoscope өзекті тақырыптар бойынша Қазақстан азаматтарының пікірін анықтауға арналған жоба. Мақсаты – экспресс-режимде қоғамның қандай да бір мәселеге байланысты ой-пікірін анықтау.

Сауалнама қорытынды баяндама мен инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады. Жоба Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асыралады. 

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz