#2 эпизод “Коронавирус VS фейк. Немен күресеміз?”

Құрметті оқырман!
Сіздердің назарларыңызға Factcheсk.kz сайтының подкасын ұсынып отырмыз. Бұл жерден алдын ала жазылған подкастардың аудиосын тыңдап немесе қаз қалпындағы мәтінін оқи аласыздар. Подкаст медиасауат пен фактчекингке және оқырмандардың критикалық ойлауын дамытуға бағытталған. Жоба Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жарық көреді. Ендеше кеттік
.


Қайырлы күн, тыңдармандар! Қазақстандағы алғашқы фактчеккинг және    медиасауат подкасына қош келдіңіздер!

Сәлем, достар! Менің есімім – Әсем. Бұл – «Шындық» подкасы. Алдыңғы эпизодты тыңдаған болсаңыздар,  біз фактчек.кз сайтының қазақтілді редакторымен әңгімелескен едік.

Ал бүгінгі эпизодымыз дәл қазір барлығымызды шулатып жатқан  вирус жайлы болады. Бұл жайлы біз фактчек.кз сайтының журналисі Жансерік Тілеуханмен талқылайтын боламыз. Сәлем, Жансерік!

Сәлем, Әсем!

Денсаулығыңыз қалай?

Қалайсыздар, достар? Денсаулығым әзірге жақсы. Құдай сақтасын ондайдан, денсаулығым жақсы. Иә, өзімді еркін сезінемін.

Ал сақтану шараларын орындап жүрсіз бе?

Сақтану шаралары дегенде, негізінен, уақытымның көп бөлігін үйде өткізгендіктен қолымды жуамын. Өзіңіз де білесіз, үйде маска, антисептик қатты керек емес қой. Қолымды бір сағатта кем дегенде үш рет жуып тұруға тырысамын. Өйткені, мен ноутбугымды ұстаймын, т.б. дүниелерді  ұстаймын. Мысалы, сырттан келген достарыммен амандасамын деген сияқты. Ал егер сыртқа шығатын болсам, менің бір реттік пайдаланатын маскамды қолданамын және антисептигім бар. Қоғамдық көліктерде, дүкендерде немесе есікті ашқанда, қолым бір нәрсеге тигенде бірден антисептикті пайдаланып, сақтану шараларын жасаймын.

Өте жақсы! Біз вирустың таралуына жол бермеуді және оқшаулануды тоқтатпауымыз керек деп ойлаймын. Жансерік, фейктер жайлы әңгімелесейікші! Барлығымыз көріп жүргеніміздей, желіде фейк ақпараттар өте жылдам таралуда. Әсіресе, ең эпикалық жаңалық- қытайлықтардың, итальяндықтардың вирусқа байланысты Ислам дінін қабылдап жатыр дегені. Жалпы, сіздің ойыңызша,  ТОП-5 жаңалық қандай?

Мысалы, вирустың аты- короновирус. Оның түбірі-коран, қазақшасы Құран ғой. Ал орысшасы коран болады. Сосын осы түбірден алып,  короновирус деген. Осындай Ислам дініне байланысты хаидтер деп айтудан басталды.

Қазір өзіңіз де білесіз, Қытайда дінге байланысты басшылық өкілдеріне қысым болып жатыр. Лагерлерьдегі болсын ұйғырларға, сол жақтағы этникалық қазақтарға қатысты. Бұл-қытайларға берілген Алла Тағаланың жазасы деген сияқты болжамдар болды.

Ал ТОП-5 фейкке келер болсақ, мұрныңды сабынды сумен жуған вирустан қорғайды дейді. Қарапайым менің нағашы тәтем бар. Маған жұмыс жасап отырған кезімде хабарласты да: «Мұрныңды кір сабынмен жуып жүр. Вирустардан қорғайды», -деген сияқты нәрселерді айтты. Мен ең жақсы танитын адамдарымның өзі осылай хабарласып тұрғанына өзім де таң қалдым. Фейк ақпараттардың бастауы осыдан басталды деп ойлаймын.

Екіншісі – Қытай премьер-министрі мешітке барып, намаз оқыды дейді. Яғни айтып отырмын ғой, Ислам дініне қатысты болғандықтан, қытайлар өздерінің қателіктерін түсініп, мешітке барып, намаз оқыды, Алла Тағаладан кешірім сұрады деген сияқты нәрселер болды. Бұл жерде бір видеоны пайдаланған. Бұрынғы болған видеоны қазір болғандай етіп көрсетіп, бір сөзбен айтқанда  оны манипуляция құралы ретінде қолданған. Бұл-екінші фейк. 

Үшіншісі – Қытай басшысы – Си Цзиньпинь мешітке барды деген фейктер бар. Иә, бұл жерде, шынымен, Си Цзиньпиннің мешітке барғаны рас. Өйткені, ол жерде өзінің бейнесі тұрады. Сондықтан жүрген, адамдармен амандасқан. Бірақ ол осыдан екі жылдай бұрын болған. Бір провинцияға барған, қазір провинцияның атын ұмытып тұрмын. Сол жерге ораза уақытында барған соң, мешітке кіріп шыққан. Не дегенмен, Ислам да – өзінің мемлекетіндегі дін ғой. Сондықтан сол жердегі мұсылмандарды ораза айының басталуымен құттықтап шыққан десе де болады.

Тағы да бір фейк – «Үй жануарлары вирус тасушы ма?» деген секілді фейк болды. Ол да-манипуляция. Өйткені, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымында болсын, біздің Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінде болсын, онда ешқандай мәлімет жоқ. Вирус таратушылардың бірі-үй жануарлары деген сияқты ресми мәлімет жоқ. Ондай ешқандай дәлелдер мен зерттеулер болмағандықтан, біз оларды растай алмаймыз. Сондықтан осындай фейк ақпарат уатсаптан келсе, үй жануары таратады екен деп, үйіміздегі жануарды қуып немесе үйден шығарып жіберу дұрыс емес деп ойлаймын. Адам манипуляцияның құрбаны бола алады.

Соңғы фейкты айта салайын. Италия Ислам дінін қабылдап жатыр деген де фейк шықты. Тура Қытайдағы секілді бір сценарий, сол сияқты италиялықтар да Алла Тағаладан кешірім сұраған, видеосы да бар. Қаншама халықтың «Лә Иллахи Илла Аллах» деп айтқан сөздері бар. Бірақ оның Италияға ешқандай қатысы жоқ. Бұрынғы, мысалы, Германияның Гамбург қаласында түсірілген видео. Италияда болды деп айта алмаймыз. Сондықтан осы мәселелерді ескерген жөн деп ойлаймын.

Түсінікті. Жансерік, сіз айтып отырған манипуляция деген сөзді қалай түсінуге болады?

Манипуляция ол былайша айтқанда, адамдардың эмоциясымен ойнайды. Мысалы, сізді алайық. Үйде қарапайым адам, қарапайым қызметкер, жұмыссыз. Сіз жұмыс жасап жүргенде короновирус пайда болды.

Сіз үрейленесіз, қорқасыз. Жаңалықтардан да, теледидардан да сол ақпарат шыға берген соң, сізде қорқыныш сезімі пайда бола бастайды, эмоцияңыз оянады. Былайша айтқанда, кез-келген жаңалықты эмоционалды түрде қабылдайсыз.

Тура сондай сәттерде жаңағы секілді фейктер алдыңыздан шыққанда немесе уатсаптан досыңыз, танысыңыз, анаңыз жіберген кезде сіз оны эмоцианалды түрде, шынайы ақпарат ретінде қабылдайсыз. Өйткені, мысалы, бағанағы Қытай, Италия Исламды қабылдап жатыр деген видеоны алайық. Уатсаптан келді, видеосы тұр. Видеоны ашасыз. «Лә Иллахи Илла Аллах» деп айғайлап жатқан қарапайым халықты  көресіз. Ана жерде бір көшбасшы бар, көшбасшы не айтса, қалғандары да соны айтып тұрады. Сіз соған кәдімгідей сенесіз. Себебі, осындай ақпарат келді, оны дәлелдейтін видео да бар. Сондықтан сенгендіктен, «Аа, иә, бұл шынымен де Алла Тағаланың халыққа берген жазасы шығар» деген сезім пайда болады да, бірден қабылдайсыз. Осылай манипуляцияның құрбанына айналасыз. Сіз секілді осылай эмоциналды түрде қабылдайтын қаншама адам бар?!

Сондықтан оны ешқандай да эмоциналды түрде қорқынышпен немесе үреймен қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Түсінікті. Барлығымыз білетіндей, таңғы уақытта сарымсақты турап, зімбірмен бірге дәрі ретінде қабылдау керек немесе лимоннан жасалған сусындар деген сияқты вирусқа байланысты жаңалықтар уатсапта кең тарады. Арасында «Израиль осының арқасында аман қалып отыр» деген де жаңалықтар да бар. Жалпы,  бұл жайлы не айтасыз? Зімбір немесе сарымсақ вирусқа қарсы біздің денсаулығымызға көмектесе ме?

Біріншіден, бағанағы негізгіге тоқтала кетейін. Израиль осының арқасында аман қалып отыр дейді. Мысалы, сол ақпарат сізге немесе маған келді. Басында немесе мәтінде : «Зімбір, сарымсақ құтқарады. Сөйтіңіздер, бүйтіңіздер»-деген ақпарат бар. Соңында қосымша ретінде жалғанған «Израиль осының арқасында аман қалып отыр» деген сөз бар. Өйткені, біз Израиль мемлекетінің халықаралық деңгейде медицинасының дамығандығын, былайша айтқанда, вакцинасын жасап отырған мемлекет екендігін білеміз. Сондықтан, сіз осы нәрсеге сенесіз.

Бірінші, оны оқисыз. Оған дейін де білетін «Сарымсақ вирустан қорғайды» деген секілді дүниелеріңіз бар. Оны сізге қайтадан дәлелдеп отыр және «Израиль осының арқасында аман қалған» дегеннен соң, адамдар оған тіптен сенеді. Осындай қосымша ақпараттар, осындай нәрселер адамдарды сендіреді.

Мысалы, бағанағы Ислам дінін қабылдап жатырған видео болса да, Израиль бүйтті деген сияқты нәрселер адам сенімін екі есе көбейтеді. Сондықтан, адамдар сенеді деп ойлаймын. Ал егер сарымсаққа келер болсақ, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, сарымсақтың микробқа қарсы күресетін қасиеті бар. Бірақ ол осындай пандемия, үлкен эпидемия кезінде ешқандай алдын-алу құралы болып табылмайды. Ондай ешқандай дерек те жоқ, зерттеу де жасалмаған. Иә, күнделікті өмірде оны пайдаланамыз, ол-денсаулыққа пайдалы өнім. Бірақ дәл осындай пандемияға қарсы деп оны алу, көрсету де-манипуляция. Сондықтан, оны тұтынғаныңыз абзал, бірақ тұтынып алып, маған короновирус жұқпайды екен деп, далаға шығып, анда-мында бару- былайша айтқанда, ақымақтық.

Түсінікті. Жансерік, осы короновирусқа қарсы…

Әсем, мысалы, сіз өзіңіз  осындай ақпарат келген кезде қалай қабылдадыңыз?

Иә, бірінші рет оқыған кезде менде «Вирустан құтылатын болдық қой, алу керек қой» деген  үміт пайда болды. Тіпті қазір көп дүкендерде сарымсақтың, зімбірдің бағасы өсіп кетті. Мысалы, мен кеше сарымсақтың бір ғана талын 125 теңгеге алдым. Кеше «Неге сонша қымбаттап кетті?» -деп ашуланғанмын. Соған қарағанда, мүмкін,  бір көмегі бар шығар деп іштей үміттенемін. Бірақ, иә, білемін.  Негізі оның арнайы дәрі емес екендігін бәріміз түсінуіміз керек.

Мысалға, елдің бәрі зімбірді немесе сарымсақты, басқасын жаппай алып жатыр ғой. Ол сол өнімдерді шығаратын компанияның тауарларын өткізу үшін шығарған ақпараты да болуы мүмкін. Сол жақ тұрғыдан қарасақ болады. Былайша айтқанда, пиар акция дейді ғой. Осындай пандемияны пайдаланып тауарын өткізу үшін осындай ақпарат таратып жіберуі мүмкін. Бұл да нақты емес, бірақ мүмкін. Себебі, осындай болжамдар да бар.

Иә, мүмкін. Жансерік, осы короновирусқа қарсы вакцина жайлы айта аласыз ба? Вакцина пайда болды деп неше түрлі сайттар жазды. Сосын адамдар жарысып уатсапта таратты. Енді «Әйтеуір, біз құтылдық» деп қуана-қуана таратқан шығар. Осы туралы не айтасыз?

Кеше мен инстаграм желісіне кіріп отырып, бір видеоны көрдім, достарым да уатсаптан жіберіпті. Қазақстанда өмір сүретін апай, бірақ қай қала екендігін білмеймін, әрі қарай тексеріп көрмедім . Дәріханаға келіп: «Маған короновирусқа қарсы дәрі бер»-деген. Сосын ана кісі түсінбей қалып, ол апайды видеоға түсірген. Прикол үшін бе, әйтеуір, не үшін түсіргенін білмеймін. «Апай, қайталап жіберіңізші, қандай дәрі?»-дейді. Апай дәрінің атын таппай: «Атын білмеймін, сыртында короновирусқа қатысты бір жазуы бар»-деп, уатсабын ашып қарап жатыр. Яғни ол кісіге де «Короновирусқа вакцина табылды, дәріханаларда бар» деген секілді ақпарат барған болуы керек.

Ол кісі манипуляцияның құрбаны ретінде үйінен шығып, дәріханаларға барып, дәрі сұрады да, сатушының өзі естімеген соң, таң қалып қалды. Осы нәрсені көріп, менің де күлкім келді. Себебі, біздің үйімізде теледидар,  қолымызда смартфон бар. Бұрынғыдай емес, қазір кез-келген уақытта кез-келген ақпаратты бірден ала аламыз.

Ғаламторы жоқ, ғаламтары дұрыс істемейтін жерлерді қоспағанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазір кез-келген адам  ақпаратын ала алады. Оларға арнайы сайттар да бар, теледидардан да қақсап жатыр немесе 112 арқылы бізге хабарлама да жазып жатыр. Соның барлығын көре тұра, вакцина бар деп, басқа жаққа бару-ол, менің ойымша, білмеймін енді, ол адам сол ақпаратқа сенген болу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымында болсын, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінде болсын немесе короновирусқа байланысты ашылған короновирус-2020 деген сайтта болсын вакцина табылды деген немесе оны  дәлелдейтін ешқандай деректер, зерттеулер жоқ. Бұл- тағы да бір манипуляция, арандатушылардың шығарған фейк ақпараты десек те болады.

Дәл осы мәселеге, яғни вирусқа байланысты қандай ресми сайттарды немесе әлеуметтік желілерді оқуымыз керек? Бағана  айтып өттіңіз, толықтырып жібере аласыз ба?

Ең біріншіден, бізде  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты бар. Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан қосымша сайт ашылды. Сол сайтты қарап, бақылап жүрген дұрыс. Егер ол сайтты қарамаймын, уақытым жоқ немесе  мүмкіндігім болмайды дейтін адамдар болса, олардың телеграм каналдарына жазылып алған дұрыс. Ресми телеграм каналдары бар. Ол телеграм каналдары сіздерге ақпаратты бірден жіберіп тұрады. Короновирусқа байланысты осынша адам тіркелді, оның осыншасы осы қалалардан, осыншасы емделді деген сияқты ақпарат жіберіп тұрады. Егер де сіз қарамаймын, маған келсін десеңіз, сондай телеграм каналдары бар. Я болмаса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымының ресми сайты бар. Ол жерде ағылшынша, орысша, қателеспесем, қытайша да жазылады. Бәрімізге орысша қараған ыңғайлы ғой, онда орысша да ақпараттар бар.

Халықаралық дәрежедегі фейктерді, мысалы, Ислам дінін қабылдап жатыр немесе вакцина пайда болды деген секілді ақпараттарды қарау үшін сол Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымының сайтына кіріп қараса да болады немесе біздің орысша-қазақша фактчек.кз сайты бар. Оның телеграм каналдары бар. «Бірге тексерейік» немесе «Фактчек.кз» деп аталады.

Соларды қарап, оқып жүрсе болады. Біздің сайттың  бір ерекшелігі- біз ең негізгі дереккөзге сілтеме береміз. Мысалы, бір ақпарат шықса, оны қайдан шықты, неден шықты, қайдан  пайда болды деп тексереміз. Фейк болса, фейк қайдан тарады, шындық болса, ол шындықты кім айтты, ресми өкілі кім, қандай орган айтты деген секілді дүниелерді қараймыз. Осылай ақтарып-ақтарып, түпкі ақпарат көзіне барамыз да, қараймыз, көреміз. Рас болса, рас екендігін көрсетеміз. Міне, мынадай министрліктің мәлімдеуінше былай болды немесе мынадай органның, департаменттің мәлімдеуінше негізінде былай болған деген сияқты  нәрселерді қараймыз.

Сөйтіп, біздің сайт ресми органдардың көмегімен жұмыс жасайды. Халықаралық дәрежедегі болсын, Қазақстан Республикасының  ресми сайттары болсын осылармен жұмыс жасап, шынайы әрі жылдам ақпарат таратуға тырысып жатыр. Әсіресе, осындай дағдарыс кезінде, қазір Қазақстанда короновирусқа байланысты дағдарыс кезеңі болып жатыр ғой. Осындай дағдарыстық оқиғаға байланысты кезеңде біздің сайт жедел түрде шынайы ақпараттар таратуға тырысады.  Біздің сайттың басты қағидасы да-осы.

Түсінікті. Жансерік, осы сайттарда, әлеуметтік желілерде вирус жайлы бөлісіп жүргендерге не айтар едіңіз, қандай кеңес берер едіңіз?

Кеңес бергенде, әр адам қосымша ақпарат оқыған кезде санасында сүзгі пайда болады. Мысалы, ең бірінші адам уатсаптан келген хабарламаны оқыды, оған сенді, таратты немесе тағы бір басқа екінші адамды алайық. Ол – сайттарды қарап, ресми органдардың көмегіне жүгініп, ақпараттарды тексеріп отырған адам. Екінші адамның санасында,былайша айтқанда, фильтр бар, кез-келген ақпаратты қабылдай бермейді.

Сондықтан, менің бірінші кеңесім – короновирусқа байланысты мейлінше көп ақпаратты ізденіп, біліп жүрсін. Мейлі ол басқа бір кез-келген Қазақстандық сайт болсын, мейлі танымдық мақалалар болсын, мейлі видеолар болсын, егер мақала оқығанды ұнатпаймын десе, видеолар да толып тұр немесе сұхбаттар, подкасттар бар. Соларды тыңдап, мейлінше көп ақпаратты өзіне сіңіруге тырысып жүрсін. Сол кезде адам санасындағы фильтр іске қосылады, сонда сіз кез-келген ақпараттың манипуляциялық құрбанына айналмайсыз. Сізге ақпарат келгенде санаңызға  «Аа, мен бұл туралы өткенде мына нәрсені оқып едім ғой, бұл өтірік сияқты» деген күдік ұялайды. Сондықтан, қандай жағдай болмасын ақпаратты көп оқып, мейлінше көп қарап, шынайы ақпаратпен көп бөлісіп жүрген дұрыс.

Сұхбатыңызға рақмет, Жансерік! Ақпарат пайдалы болды деп ойлаймын!

Иә, сізге де рақмет, Әсем! Көрермендер, қолдарыңызды жуып жүріңіздер!

Қымбатты тыңдармандар, бізбен бірге болғандарыңыз үшін рақмет! Сақтық шараларын мейлінше орындап, вирустың таралуына жол бермейік! Келесі эпизодта кездескеше!  

Factcheck.kz