Жартылай шындық | Алматы ең арзан қалалар рейтингінде 5-орында

Қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде Алматының әлемдегі ең арзан қалалар арасында 5-ші орында екенін жазып жатыр. БАҚ дерегінше, рейтингті The Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы 2020 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеп дайындаған. Біздің редакция бұл ақпаратты қаншалықты сенімді екенін және мұндай рейтингтердің қалай есептелетінін тексерді.

Алматы әлемдегі ең арзан қалалар рейтингінде бесінші орында. Бірінші орында Дамаск, екінші орында — Ташкент, үшінші және төртінші орында Замбиядағы Лусака қаласы мен Венесуэла астанасы Каракас. Рейтингті The Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы 2020 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеп жасады.

Үкім: Жартылай шындық

Расымен, 18 қарашада Economist Intelligence Unit әлемнің әртүрлі қалаларында өмір сүруге қанша ақша кететіні жайлы материал жариялады. Ал Қазақстанның оңтүстік астанасы ең арзан қалалар рейтингінде 5-ші орында екені жазылған. Рейтингте әлемнің 133 қаласындағы 140-қа жуық тауар мен қызмет бағасы салыстырылған. Бірақ ескеретін жайт бар.

Неге жартылай шындық?

Economist Intelligence Unit-тен бөлек басқа да рейтингтер бар. Мәселен Mercer дерегінше, Алматы өмір сүру үшін ең арзан қалалар арасында 5-орында емес, 21-орында. Бұл рейтингте әлемнің 209 қаласы зерттелген. Mercer әр зерттелген қала бойынша үйдің бағасы мен жалға алу құны туралы талдау жасаған. Mercer зерттеуіне сәйкес, ең арзан қалалар — Тунис (Тунис), Виндхук (Намибия), Бішкек (Қырғызстан) және Ташкент (Өзбекстан).

Алайда, Mercer зерттеуін нақты деп те айтуға болмайды. Себебі, миллионнан астам тұрғыны бар қала өте көп. Рейтинге, олардың барлығы есептеле бермейді.

Economist Intelligence Unit рейтингті қалай есептейді?

EIU қалалар бойынша рейтингті жылына екі рет есептейді. Рейтингті 30 жылдан астам уақыт бойы Economist Intelligence Unit (EIU), дәлірек айтсақ, Economist журналының аналитика бөлімі дайындайды.

  • Әлемнің 133 қаласындағы 140-қа жуық тауар мен қызметтің бағасы есептеледі.
  • Әр қаладағы жергілікті өмір туралы негізгі ақпарат пен тұрғын үй нарығы зерттеледі.
  • 2020 жылдың ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша жалақы есептеледі.
  • Зерттеушілер азық-түлік, киім-кешек, көлік және коммуналдық қызметтердің бағасын зерттейді.
  • Мұндай рейтингті көбіне фирма қызметкерінің басқа елге барар кезде өтемақыны есептеу үшін қолданады.

Mercer рейтингті қалай есептейді?

Бұл – Mercer-дің қалалар бойынша дайындаған 26-рейтингі. Мұнда валютаның бағасының тұрақтылығы, тауар бағасының өсуі, тұрғын үй құнының бірқалыптылығына назар аударылады.

  • Биылғы рейтингке бес континенттегі 209 қала есептелген. Әр қала бойынша 200-ден астам тауардың бағасы, олардың арасында: тұрғын үй, көлік, азық-түлік, киім, тұрмыстық заттар және ойын-сауық бағалары бар.
  • Мұндай рейтинг шетелдік қызметкерлердің халықаралық іссапарларға бару құнын анықтау үшін қолданылады.

Қорытынды

Расымен, Алматы әлемдегі ең арзан қалалардың қатарына жатқызуға болады. Алайда, мына рейтингте 5-ші немесе 21-орында деп нақты айта алмаймыз. Себебі зерттеулердің әдістемесі әртүрлі екенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар, мұндай рейтингтер қала жайлы және қала тұрғындарының өмір сүру деңгейіне байланысты толықтай көрініс бере алмайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz