Жанболат Мамайдың сотында куәгер болған журналистерге қысым көрсетілді

Оппозиция саясаткері Жанболат Мамайдың сотында прокурор куәгер ретінде қатысқан журналистерге қысым көрсетті. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Азаттық радиосының хабарлауынша, тіркелмеген “Демпартияның” жетекшісі Жанболат Мамайдың сотында үш журналист куәгер ретінде тергелген. Олардың бірі – “Власть” редакциясының журналисі Ольга Логинова.

Логинованың айтуынша, сот кезінде прокурор іс жүзінде Жанболат Мамайды айыптайтын істің мән-жайын анықтауға тырыспады. Оның орнына ол куәгер ретінде қатысқан журналистерге орынсыз сұрақтар қойды.

Журналист ретіндегі кәсібилігіме байланысты сұрақ қояды деп күтпедім. Тіпті, “Демпартиямен” қандай да бір ықтимал байланыс іздейтінін, басылымның қаржы көзіне қатысты сұрақтар қояды деп ойламадым. Прокурор іс жүзінде Жанболат Мамайды айыптайтын істің мән-жайын анықтауға тырыспады. Мені тәуелсіз куәгер емес, сотталушының жағындағы тұлға ретінде көрді.

Ольга Логинова, “Власть” редакциясының журналисі

“Влась” редакциясының бас редакторы Вячеслав Абрамов осы жағдайға байланысты сот және прокурор үстінен шағым түсірмек. Оның сөзінше, құқық қорғау органының қызметкері этикаға қайшы әрекет жасады.

Біз де прокурор сияқты қызметімізді істейміз. Біздің жұмысымыз – оқиға туралы ақпарат жариялау. Саяси көзқарасымыздың қандай екенін, қалай жұмыс істейтінін сұрау – прокурордың ісі емес. Бұл олардың құзыретіне жатпайды. Прокурордың журналиске “Есіңді жоғалтып алдың” дегені көшеде айтылатын жаргонға ұқсады. Прокурор мұндай сөз қолданбауы керек.

Вячеслав Абрамов, “Власть” редакциясының бас редакторы

Құқыққорғаушы, Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліні бұл мәселеге араласуға, медиа қызметкерлерінің құқығын қорғауға шақырды.

“Әділ сөз” қорының “саясаткердің ісі” деп Жанболат Мамай ісіне араласа алмайтынын түсінемін. Бірақ сотта журналистерге көрсетіліп жатқан қысымға назар аударылуы керек деп санаймын. Журналистер Жанболат Мамай қатысқан митиңгіде болды, сөйлеген сөзін жазды, түсірді, естіді. Сотта көрген, білгенін айтып жатыр, яғни шындықты ғана айтып жатыр.

Инга Иманбай, құқыққорғаушы.

Сонымен қатар, Инга Иманбай прокурордың журналистерге жасаған қорлығына көз жұмып қарауға болмайтынын айтты.

Factcheck.kz