Швейцарияда 22:00-ден соң душқа түсуге болмай ма?

Бірқатар медиада “Швейцарияда көппәтерлі үйдің тұрғындарына 22:00-ден соң душқа түсуге не дәретхананың суын ағызуға болмайды. Заңды бұзса, айыппұл салынады” деген ақпарат жарияланды (1, 2, 3, 4). “Проверено” фактчекерлері ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Фактчекерлер Швейцарияның азаматтық кодексі мен Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі федерал заңын қарап шыққан. Кодекс те, заң да тұрғын үйде тұратын адамдардың өз үйіндегі жүріс-тұрысына, нақты айтқанда түнде душқа түсуіне, дәретхананың суын ағызуына қатысты ешқандай шектеу қоймаған.

Муниципалдық деңгейдегі заңнамада біршама ерекшелік бар. Цюрих полициясының 2012 жылы күшіне енген қаулысында 22:00-ден 07:00-ге дейінгі уақыт “түнгі тыныштық” режимі ретінде қарастырылған. Ал жаздың жұма және сенбісінде режим 23:00-де басталады. Бұл уақыт аралығында “деструктив мінез-құлық көрсетуге” тыйым салынған. Десе де онда бұл ұғымға нақты қандай әрекеттер жататыны айқындалмаған.

Швейцариялық жалға алушылар қауымдастығының сарапшысы Фабиан Глор Blick-ке берген сұхбатында елдің бірқатар аумағында осындай түсініксіз шектеулер қолданылатынын айтқан. Дегенмен Фабиан Глор және Томас Оберле деген тағы бір маманның айтуынша, меншік иелері жеке үй шаруашылығы деңгейінде заңды өз қалауынша айқындап, өзінің нақты ережелерін қоя алады.

Десе де Глор, Оберле және Швейцариялық жалға алушылар қауымдастығының заң кеңесшісі Руди Спендлиннің сөзінше, меншік иесі қандай ережелер енгізсе де, түнде душқа түсу не дәретхананың суын ағызу сияқты әрекеттер құқық қорғау органдарына шағымдануға себеп бола алмайды. Олардың сөзін қауымдастық сайтындағы ақпарат растайды. Онда меншік иесінің келісімшартқа енгізген ішкі ережесі нақты себеп болғанда ғана күші бар екені жазылған.

Негізі тыйым салу үшін тыйым салу заңсыз. Ал ережелер ақылға қонымды болуы керек. Сол себепті пәтерді жалға алып отырған адам меншік иесінің “Түнде душқа түсуге болмайды” деген ескертуін елемеуіне болады.

Қорыта айтқанда, Швейцария заңы көппәтерлі үйдегі адамдардың түнде душқа түсуін не дәретхананың суын ағызуын қадағаламайды.

Factcheck.kz