Қарапайым не электрон тіс щеткасы: қайсын қолданған дұрыс?

Желіде “қарапайым тіс щеткасына қарағанда электрон түрі ауыз қуысын, тісті жақсы тазалайды” деген ақпарат тарады (1 ,2, 3). “Проверено” фактчекерлері мәлімдемені тексеріп көрді.

2014 жылы беделді Кокрейновский медицина кітапханасының зерттеушілері кәдімгі және электрон тіс щеткасын салыстырып, оларға қатысты ғылыми әдебиеттерді шолып шықты. Нәтижесінде шынымен де электрон щетканың тістегі дақты жақсырақ кетіретінін және қызыиекті қабынудан сақтайтынын байқаған. Дегенмен мұндай тіс тазалайтын құралдың ауыз қуысына ұзақмерзімді әсері қандай екені белгісіз.

2019 жылы неміс ғалымдары 2 819 адамның ауыз қуысын тексеріп, 11 жылға созылған зерттеуінің қысқаша мазмұнын жариялады. Олар “электрон тіс щеткасын қолданғандардың арасында пародонтоз, кариес ауруы барлар және тісі түскендерде сирек кездеседі” деген қорытындыға келген. Екі зерттеуде де электрон тіс щеткасының түріне назар аударылмады.

Тіс дәрігерлерінің айтуынша, тіс щеткасын пайдаланғандағы маңызды нәрсе — дұрыс техника. Тіс щеткасын дұрыс ұстап, оны қатты баспай, тісті кем дегенде екі минут айналдыра жуу керек. Электрон щеткаларының көптеген заманауи үлгілерінде мұның бәрі автомат түрде басқарылады: тісті тазалау уақытын қадағалайтын таймер бар, щетканың басы өз бетімен тез айналып тұрады, кейбірі адам тіс щеткасын қатты басса, сигнал береді. Осылайша, құрал тіс эмалі мен қызылиегіне зақым келтірмейді.

Электрон тіс щеткасында мұндай қарапайым әдістердің қарастырылуы тіс тазалаудың дұрыс техникасын білмейтін не оған аса мән бермейтін балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды.

2018 жылы неміс ғалымдары эксперимент жүргізген: олар 13-17 жас аралығындағы 60 жасөспірімді ек топқа бөлді. Бір топ қарапайым тіс щеткасын, екінші топ электрон түрін қолданды. Эксперимент барысын мамандар бақылады. Нәтижесінде электрон тіс щеткасын пайдаланғандар тістерін ұзағырақ тазалағаны белгілі болды. Екі аптадан соң тіс дәрігерлері экспериментке қатысқандардың ауыз қуысын тексеріп, электрон тіс щеткасын қолданған топтағылардың тісінде дақ 30%-ке аз екенін байқады.

2019 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар тобы электрон тіс щеткасының балалардың тістерін тазалауда қаншалық тиімді екенін зерттеді. Бір айға созылған экспериментке 3-6 жас және 7-9 жас аралығындағы жалпы 41 бала қатысты. Ол төрт кезеңнен тұрды: зерттеу кезінде әр бала екі щетканы екі реттен пайдаланды; қолдану реті кездейсоқ таңдалды. Нәтижесінде, электрон тіс щеткасы кіші топтағы балалардың тіс дақтарын 32,3%-ке, ал үлкен топтағылардың 51,9%-ке жақсырақ тазалап берді.

Бірақ бразилиялық және норвегиялық ғалымдардың егде жастағы адамдар арасында зерттеу жүргізіп, әдеттегі және электрон тіс шеткасының айырмашылығы жоқ екенін анықтады.

Неміс тіс дәрігерлерінің 1996 жылғы зерттеуі бойынша, электрон тіс щеткалары брекет тағатындарға ыңғайлы. Эксперимент кезінде ортодонт дәрігерге барып жүрген 38 науқас төрт апта бойы электрон тіс щеткасының әртүрлі түрін қолданып көрді. Соңында олар тіс арасын тазалайтын щетка я тіске арналған жіп сияқты қосымша құралдарды пайдаланбай-ақ, ауызқуысын таза ұстай алғанын байқаған.

Осылайша, бірқатар зерттеуге сүйенсек, электрон тіс құрылғыларының тиімді екені рас. Дегенмен бұл тек электрон тіс щеткасын қолдану міндетті дегенді білдірмейді. Қарапайым тіс щеткаларын да дұрыс пайдаланып, ауызқуысының тазалығының сақтауға болады.

Factcheck.kz