Қазақстанда парламенттегі партиялардың бюджеттен қанша теңге алатынын есептейтін сайт ашылды

17 ақпанда Қазақстан парламентіндегі партиялар бюджеттен қанша ақша алып жатқанын секунд сайын есептейтін сайт ашылды. Атауы — parasites.kz. Сайтты кәсіпкер Санжар Боқаев іске қосқан. Бұл туралы Masa.media хабарлады.

Оның сөзінше, парламентте отырған саяси партиялар мемлекет бюджетінен ақша алмауға тиіс.

— Мемлекеттің саяси партияларды қаржыландыруы республика бюджетінің ең пайдасыз шығыны болып отыр. Ерінбей сайт әзірлеушілерді жалдадым. Енді барлық қазақстандық www.parasites.kz сайтынан партияларға секунд сайын қанша ақша түсіп жатқанын көре алады.

Санжар Боқаев

Боқаевтың айтуынша, жылдың алғашқы 1,5 айында партияларға 1 миллиард теңге жұмсалған.

Nur Otan-ға күніне 18 миллион теңге аударылады, бұл — бір бөлмелі пәтердің құны ғой. Ал «Ақ жол» айына 84 миллион теңге не күніне 2,8 миллион теңге алады. Халық партиясы да солай. Менің ойымша, саяси партиялар салығымызды алмауға тиіс. Олар — мемлекет пен қоғамдағы паразиттер, — деп жазды ол Facebook парақшасында.

Биыл парламент сайлауы 10 қаңтарда өтті. Ресми қорытындыға сай заң шығару органына үш партия өтті — Nur Otan (71 % дауыс), «Ақ жол» (10,95 %) мен Қазақстанның халық партиясы (9,10 %).

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz