22.01 | Қ.Ақан мен М.Әлімұлына шабуыл, IFCN Нобель сыйлығына ұсынылды, Жапаров инаугурациясы қалай өтеді?

IFCN халықаралық фактчекинг желісі Нобель сыйлығына ұсынылды

Поинтер институты жанындағы халықаралық фактчекинг желісі (IFCN) Нобель сыйлығына ұсынылды. Бұл туралы институттың ресми сайты норвегиялық депутат және экс-мәдениет және білім министрі Трине Скей Грандеге сілтеме жасап хабарлады.

“Біз бұл номинацияның осы марапат бойынша нақтыланған тізімі емес екенін түсінсек те, бүкіл әлемде фактчекерлердің жұмысының маңыздылығын растау ретінде қарастырамыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, фактілер маңызды, ал фактілерді тексеру өмірді сақтап қалуы мүмкін”

poynter.org хабарламасынан

IFCN әлемдегі фактчекерлердің ынтымақтастығына басымдық береді. Жақында Париж бейбітшілік форумы мойындаған Coronavirus Facts Alliance 70-тен астам елден 99 фактчекинг ұйымын біріктірді. Олар 10000-нан астам фактчекерлердің тергеу банкін құрды. Бұл мәліметтер базасы COVID-19 пандемиясына қатысты мәселелер бойынша нақты ақпаратты ұсынады.

Қытайдан келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына белгісіз біреулер шабуылдады

Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген Қытай қазақтары Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына 21 қаңтарда түнде шабуыл жасалды. Тіркелмеген “Нағыз Атажұрт” ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның айтуынша, Қайша Ақанға шабуыл түнде үйінің маңында жасалған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

– Кеше Қайша хабарласты. Дауысы әрең шығып тұр. “Мені біреулер ұрып кетті” деді. Үйінде күйеуі жоқ болған екен. Үйінен шығып дүкенге барып, қайта айнала бергенде қараңғы бұрыштан біреу шығып, белгісіз затпен басынан қатты ұрған. Екі рет ұрған. Қылқындырып сүйреген. Сол кезде есінен танып қалған. Есінен жиса, әбден тоңған. Сол кезде маған хабарласты, – деді Бекзат Мақсұтхан.

Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Қайша Ақанды ауруханаға алып кеткен. Заңгер Гүлмира Қуатбекқызының айтуынша, қазір Қайша Ақанның жағдайы қалыпты: есін жиған, сөйлей алады. Басында және бетінде ісік бар. Былтыр жазда операция жасалғандықтан кейбір емдерді қабылдай алмаған. Ауруханада өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын айтып, оған жатудан бас тартқан.

Бекзат Мақсұтқанның айтуынша, 21 қаңтарда түнде Мұрагердің туыстары да хабарласып, Мұрагерді де белгісіз біреулердің пышақтап кеткенін хабарлаған.

Алматының Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасы қызметкері, полиция капитаны Ақылбеков Қайша Ақанға жасалған шабуылға қатысты Қылмыстық кодекстің 293 бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаровтың инаугурациясы артық шығынсыз өтеді

Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров салтанатты ұлықтау рәсімінде арнайы кортежден және банкеттен бас тартпақ. Бұл туралы Қырғызстан президентінің сайтында жарияланды.

Садыр Жапаровтың айтуынша, қазан оқиғаларынан кейінгі саяси, экономикалық, қаржылық және эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, Қырғызстан экономикасына шығын болатын шаралардан бас тарту қажет. Бұған қоса халық бұл шешімге түсіністікпен қарайтына үміттенетінін айтты.

Жаңа сайланған президент арнайы кортежден, банкеттен және қаржылай шығынға батыратын басқа да шаралардан бас тартатынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың инаугурациясы 28 қаңтарда өтеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz