АӨК-ке жоспарланған соманың 80%-і бөлінгені рас па?

17 ақпанда өткен Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 44:08:00

Біріншіден, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 4 жылы ішінде салаға 2 триллион теңгеден астам қаражат жіберу жоспарланғанымен, іс жүзінде қажетті соманың 80%-і ғана бөлінген.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Үкімет қаулысына сай, Агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамыту мемлекеттік бағдарламасын 2017 – 2021 жылдары іске асыруға республикалық бюджеттен көзделген жалпы шығыс 1 трлн 829 млрд 500 млн теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бізге берген мәліметінше, бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен жалпы 1 трлн 334 млрд 400 млн теңге бөлінген. Бұл жоспарланған соманың 73%-і, депутат келтірген деректегі 80%-тен де аз.

АӨК-ке жоспарланған соманың 80%-і бөлінгені рас па?
Дереккөз: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Былтыр да ҚР Ауыл шаруашылығы экс-министрі Сапархан Омаров Қазақстанда АӨК 70-80%-ке қаржыландырылатынын хабарлады.

Дұниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) шеңберінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын жалпы ауыл шаруашылығы өнімі құнының 8,5% деңгейінде субсидиялауға құқылы. Десе де, республикадағы мемлекеттік қолдау көп жылдар бойы 4-5%-ті құрап отыр, бұл ЕАЭО-дағы негізгі серіктестеріміз – Ресей мен Беларусь елдерінен 1,5-2 есе аз.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындыққа жақын

2018 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өніміндегі субсидия үлесі 1%-ті құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 7,85%-ке жеткен. Ал ЭЫДҰ мәліметінше, Қазақстанда 2018-2020 жылдары бұл мән орта есеппен 4%-ті құраған. ДСҰ шеңберінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын жалпы ауыл шаруашылығы өнімі құнының 8,5% деңгейінде субсидиялауға құқылы екені рас (бұл дамыған елдер үшін 5% және дамушы елдер үшін 10% құрайды). 2018-2021 жж. жалпы ауыл шаруашылығы өнімі құнындағы субсидия төмендегі инфографикада:

АӨК-ке жоспарланған соманың 80%-і бөлінгені рас па?
Дереккөз: subsidies.qoldau.kz және stat.gov.kz

Контекст

ЭЫДҰ дерегінше, Ресейде ауыл шаруашылығын қолдауға 2014 жылдан бастап ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 9%-тен 13%-ке дейін қаржы бөлінген. 2018-2020 жылдары ауыл шаруашылығын субсидиялау орташа жылдық шамамен 9% құраған.

ДСҰ баяндамасына сай, 2015 жылы Беларусь ауыл шаруашылығын қолдау үлесі ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құнының 14-15%-ін құраған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz