“Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс әрқашан жетім”: Джон Кеннедидің сөзі ме?

Бірқатар ресурс пен онлайн-дәйексөз жинағы “Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс әрқашан жетім” деген тіркестің авторы АҚШ президенті болған Джон Кеннеди деп топшылайды. Әскери корреспондент Александр Сладков, халықаралық журналистер Валентин Зорин мен Игорь Фесуненко және кубалық лидер Фидель Кастро “Командант туралы ой” еңбегінде осы пікірмен келіседі. “Проверено” басылымы фактчекерлері бұл сөздің авторы Джон Кеннеди деу қаншалық дұрыс-бұрыс екенін тексерді.

1960 жылы Кеннедидің Ақ үйдегі ізбасары Дуайт Эйзенхауэр Фидель Кастро бастаған кубалық революция билігін құлату үшін әскери операция жоспарын бекітті. Америкалық десанттың қонуы, сайып келгенде, Уашингтон үшін қолайлы уақытша үкіметтің құрылуына әкелуі керек болған. Жоспар бойынша негізгі соққы күші АҚШ-ты паналаған және аралдың коммунистік үкіметіне негатив көзқарастағы 1400-ге жуық этникалық кубалық болуы және оларды америкалық авиация қолдауы қажет еді.

Бұл тапсырма 1961 жылғы көктемде, Джон Кеннеди АҚШ президенті болғаннан кейін орындалды, алайда ол сәтсіздікке ұшырады. 15 сәуірде америкалық бомбалаушылар Куба аэродромдарына шабуыл жасады, бірақ елдің иелігіндегі 24 ұшақтың тек екеуі істен шықты — негізгі бөлігі алдын-ала макеттермен және ақаулы машиналармен ауыстырылды. Ал 17 сәуірге қараған түні Куба әуе күштерінің ұшақтары төрт көлік кемесін суға батырды, олардың бірі оқ-дәрілер мен ауыр қару-жарақ тасымалдайтын. 19 сәуірге дейін жергілікті әскер америкалық күштерді аралдан ығыстырып, көп олжа мен тұтқынды алып қалды. Келесі күні, 20 сәуірде Кеннеди Уашинтонгда америкалық газет редакторлары қоғамының мүшелерін жинады. Өз сөзінде ол болған оқиғаны “Кубалық патриоттардың кубалық диктаторға қарсы күресі” деп атады және АҚШ бұл жағдайдан сабақ алатынын мәлімдеді.

Бір күннен соң Кеннедидің пресс-конференциясы өтті — шараның видеосы мен стенограммасы сақталған. Журналистің бірі мемлекеттік департамент пен Ақ үй Кубада болып жатқан оқиғаға қатысты өз нұсқасын көпшілікке ұсынбағанына қынжылатынын жеткізді. Кейін бұл оқиғаның егжей-тегжейіне қатысты қарама-қайшы ақпарат тарай бастады. Ал бұл пікірге Кеннеди былай деді: “Сіздің сұрағыңызға жауап берсем, меніңше, АҚШ мүддесі үшін пайдалы деп қаншалық айта алатынымызды шешуіміз керек. Диктатура жоқ, еркін қоғамның проблемасының бірі — ақпарат мәселесі. Газеттерде көп нәрсе басылды, сіздер, баспасөз өкілдері алдағы бір-екі күнде мүдделі адамдардың немесе ведомстволардың біраз брифингіне куә болсаңыздар, таңғалмаймын. Жеңістің жүз әкесі болатыны, ал жеңілістің жетім екені туралы ескі нақыл сөз бар. Сізге кейінгі оқиғаға қатысты ақпарат ағыны болса да, таңғалмаймын”.

Осы уақытта Джон Кеннедидің бұл нақыл сөзді қолданғаны рас, дегенмен ол “мың” сөзінің орнына “жүз” деп айтқан.

Алайда бұл тіркес бұрынғы дереккөздерде де кездеседі. Муссолини дәуіріндегі Италия сыртқы істер министрі граф Галеазцо Цианоның күнделігінің ағылшынша аудармасынан неміс армиясының Африкадағы соңғы сәтсіздіктеріне қатысты 1942 жылғы 9 қыркүйектегі жазбасын кездестіруге болады: “Әдеттегідей, жеңістің жүз әкесі бар, ал жеңіліс — жетім“.

Сонымен қатар Чианоның күнделігі 1947 жылы ағылшын тілінде жарық көрді (ал жазбаның бөліктері америкалық газеттерде одан бұрын жарияланған), сондықтан екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Кеннедидің онымен танысуға мүмкіндігі болды. Оған қоса Чианоға сілтеме жасалған фраза соғысқа арналған 1950 жылдардағы басқа кітаптарда да келтірілген. Ал 1952 жылы дәйексөз “ескі соғыс сөзі” ретінде Пол Бенджаминнің “Қаздар оңтүстікке ұшқанда” кітабының бір тарауының эпиграфына айналды.

Қысқасы, ежелгі дәуірден бері осы тіркеспен мағыналас басқа мәлімдемелер де бар. Оған қоса Рим тарихшысы Корнелий Тацит (шамамен 120 жылы қайтыс болды) “Юрий Агриколаның өмірбаянында” еңбегінде: “Шынында да, кез-келген соғыста келесі әділетсіз заң жүреді: әркім сәттілікті өзінің арқасы санайды, ал бақытсыздыққа өзгені кінәлайды“, – делінген. Сонымен қатар “Жетістіктің көп досы бар” деген грек сөзін де атап өтуге болады. Қорытындыласақ, АҚШ-тың 35-президентін “Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс — жетім” деген сөздің авторы деу дұрыс емес.

Factcheck.kz