Трамп өз инаугурациясына Конгресстен 90 млн доллар сұрағаны рас па?

АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі, демократ Жасмин Крокет Трамп өз инаугурациясына Конгресстің 90 миллион доллар жұмсағанын қалайтынын айтты. Ол бұл туралы MSNBC эфирінде хабарлады.

Крокеттің сөзінше, бұл сома болжамды шығындар туралы заңнамаға енгізілген және ол балалардың қатерлі ісігін зерттеуге жұмсалатын қаржыны алып тастайды.

«Ақыры, Илон Маск, Вивек [Рамасвами] мен Трамптың бізге айтпаған нәрселерінің бірі – заң жобасының 1-бетінде оның инаугурациялық кешіне 90 миллион доллар бөлінгені көрсетілген. Егер сіз бір күнде 90 миллион доллар жұмсап, ал балалардың қатерлі ісігін зерттеуге келгенде 190 миллион долларды кесіп тастасаңыз, бұл таңғалдырады», – дейді Крокет MSNBC эфирінде.

Крокеттің мәлімдемесіне сүйеніп, AlterNet жаңалықтар басылымы, Raw Story сайты «Трамп инаугурация үшін 90 млн доллар алғысы келеді, осылайша ол онкологиялық дертті зерттеуге 190 миллион доллар қысқартады» деген тақырыппен мақала жариялады.

Snopes зерттегендей, Трамптың инаугурациясына 90 миллион доллар жұмсалғаны туралы мәлімдеменің рас-өтірігі аралас. Конгресс 2025 жылғы 14 наурызға дейін Колумбия округіндегі төтенше жағдайларды жоспарлау және қауіпсіздік шығындарына 90 миллион доллар бөлген, шамамен 50 миллион доллар Трамптың инаугурациясын жоспарлауға, қауіпсіздікті сақтауға жұмсалды. Бірақ Трамп өз инаугурациясына Конгресстен қанша ақша қалайтыны жөнінде мәлімдеме жарияламаған.

Крокет айтып отырған шығындар туралы заң жобасы H.R.10545 немесе «Американың көмек заңы» деп аталады. Бұл – АҚШ президенті Джо Байден Үкімет жұмысын 2025 жылғы 14 наурызға дейін жалғастыру үшін қол қойған екі партияның уақытша заң жобасы.

«126-сек. 101-бөлімге қарамастан, “Колумбия округіндегі төтенше жағдайларды жоспарлау және қауіпсіздікке кететін шығындарға” 90 000 000 АҚШ доллары қарастырылған, оның кем дегенде 50 000 000 доллары 2025 жылғы қаңтарда өтетін президенттік инаугурацияға жұмсалуы керек. Мұндай сомалар қауіпсіздік шараларын қолдау үшін бөлінген», – делінген заң жобасында.

Колумбия округінің қаржы директоры заң жобасындағы ақпаратты растады.

Snopes бұған дейін Трамп пен Маск республикашыларды онкологиялық зерттеулерді қаржыландыруға 190 миллион доллар бөлуге тыйым салуға итермеледі деген пікірді жоққа шығарған.

Басты беттегі сурет Reuters агенттігінен алынды.

Журналист

Factcheck.kz