Трамп Илон Масктың айтқандарын бұлжытпай орындауға уәде берді ме?

Жақында X платформасында Илон Масктың “Дональд Трамп менің барлық айтқанымды бұлжытпай орындайды” деген жазбасы тарады. Reuters порталы скриншоттың рас-өтірігіне көз жеткізді.   

Трамп Илон Масктың айтқандарын бұлжытпай орындауға уәде берді ме?
Reuters суреті

NBC News телеарнасы 13 қарашада “Илон Маск АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін Дональд Трамптың Флоридадағы үйінен шықпады. Ол Трамптың қонақжайлығын пайдаланып кетуі мүмкін” деген болжам таратқан. 

Сол хабардан кейін Facebook пен Threads желілерінде Масктың “Либерал БАҚ Трамп екеуміздің арамызға алауыздық тудыруға тырысып жатыр. Біздің қарым-қатынасымыз сіздер ойлағаннан да жақсы. Трамп менің оны сайлағанымды біледі және айтқанымның бәрін жасайды” деген жазбасының скриншоты шықты.

Бірақ Reuters постты Reddit платформасында үнемі фейк туит тарататын автордың жасағанын анықтап, оған жеке хабарлама жазып көрді.

“Мен ықпалды адамдарды, соның ішінде  саясаткерлерді, сарапшы, кейде корпорацияларды мазақ ету мақсатында сатиралық жалған твит жасаймын” – деп жауап берген қолданушы агенттікке.

Reuters Reddit-тегі фейк жазба о баста-ақ “жалған ақпарат” белгісімен жарияланғанын да айтты.

Контекст

Илон Маск Трамптың сайлауда жеңіске жетуіне көмектесу үшін миллиондаған доллар бөлген. Сайлаудан кейін Трамп Илон Маск пен президентікке бұрын кандидат болған Вивек Рамасвамиді үкіметтің тиімділік департаментінің басшысы етіп тағайындады.
Трамп бұл жаңа әкімшілікке “бюрократияны жоюға, артық ережелерді, ысырапшылдықты азайтуға және федералды агенттіктерді қайта құруға мүмкіндік береді” деді.

Басты беттегі сурет Politico.com сайтынан алынды

Журналист

Factcheck.kz