Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana Tili» газетіне берген сұхбатында Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді.
«Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді» – деп сұрады журналист.
«Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.
Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», – деп жауап берді Тоқаев.
Контекст
4 қазанда Алматы облысында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат бір топ адамның қолынан қаза тапты. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, жиналғандар Шерзат пен ағасын соққыға жығып, Шерзатқа пышақ сұққан. 12 қазанға қараған түні Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті. Марқұмның туыстары істің әділ тергелгенін талап етіп келеді.
Ал 9 желтоқсан күні Талғар маңында Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның алдын-ала мәліметіне сәйкес, ол “асылып, өзіне қол жұмсаған”. Нұрқанаттың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді. Артынша Қаржаубай Нұрымовты «қоғамдық орында балағат сөздер айтып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлады, қоғамдық тәртіпті бұзды» деп 15 күнге әкімшілік қамауға алды. Полиция Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймова өзге ел азаматы болған соң, елден депортацияланады деген.
Басты беттегі сурет BES.media сайтынан алынды.