Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойды. Оған сәйкес, есірткі өндіретіндер мен оны ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілік күшейеді, ал тасығандарға жаза жеңілдейді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Есірткі өндіруге қатысы бар лауазымды адамдарға жауапкершілік қатаңдайды. Бұл қылмысқа қатысы бар тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Заңда есірткіні жасырын тасығандардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен мұндай қылмысты бірінші рет жасаса және қылмысын ауырлататын жағдайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын).
«Жаза есірткіні жасырын тарататындардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жеңілдетілді. Бұл тұрғыда олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіні ескерілді. Алайда қылмыстық әрекетті қайталаса, мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін қамауға алынады», – делінген хабарламада.
Оған қоса, заңда құрамында есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін, есірткі өндіруге пайдаланатын заттар мен құралдардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік белгіленді.