Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваны полиция ұстап әкетті

Қамауға алынған журналистер Темірлан Еңсебек пен Руслан Бикетовты қолдап, пикетке шыққан Әсем Жәпішеваны полиция ұстап алып кетті. Полиция журналисті үш минут та тұрғызбаған. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.

Бұдан бір күн бұрын журналист әрі Art of Her журналының бұрынғы бас редакторы Руслан Бикетов те пикетке шыққан. Ол Еңсебектің қамауға алынғанымен келіспейтінін айтып, наразылық білдірген. Бірақ оны да полиция ұстап әкетіп, 15 күнге әкімшілік қамауға алды.

17 қаңтарда полиция Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, артынша екі айға қамағанын еске салайық. Оған 174-бап бойынша «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Белсендінің адвокаты Жанара Балғабаева Еңсебектің қамалуына ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық пост түрткі болған дейді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.

Басты беттегі сурет Vlast.kz-тен алынды.

Журналист

Factcheck.kz