2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде шетел азаматтарына қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Бұған дейін Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин 2024 жылдың басынан бастап миграциялық саясатты қатаңдататын 12 заң қабылданғанын мәлімдеді. Kloop басылымы Ресейдегі еңбек мигранттары үшін қандай өзгерістер болатынын жазған. Factcheck.kz редакциясы әріптестердің материалын қысқартып назарларыңызға ұсынады.
Мигранттарға қойылатын талаптардың қатаңдауы
Туған жерінде айлығы көп жұмыс орындарының жетіспеуіне байланысты Орталық Азиядан Ресейге кеткен мигранттардың саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен, Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін қырғыз мигранттарының саны азайған. Бұған Ресейдің мигранттардың елдегі болу ережелерін қатаңдатуы да әсерін тигізді.
2024 жылғы тамыздың басында ресейлік депутаттар еңбек мигранттары үшін елеулі шектеулер енгізуді ұсынды. Олар мигранттарға білім беру, медицина, жолаушы тасымалы, тамақ жеткізу және басқа да жоғары табысты салаларда жұмыс істеуге тыйым салмақ.
2024 жылғы қарашада «Валдай» пікірталас клубының отырысында Ресей президенті Владимир Путин мигранттар орыс тілін білуі, жергілікті заң мен дәстүрді құрметтеуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын азайтып, мигранттарды қабылдауды жеңілдетеді.
18 қарашада Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников 2025 жылдан бастап патентпен жұмыс істейтін мигранттарға мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істеуге тыйым салатын қаулыға қол қойды. Бұған дейін сол облыста мигранттардың такси жүргізушісі болып жұмыс істеуіне және алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған болатын.
Жаңа жылдан бастар мигранттарға қойылатын талаптар
Бұрын шетелдіктер Ресейде рұқсат құжаттарынсыз 180 күнге дейін жүре алатын еді. Алайда жаңа ережелерге сәйкес бұл мерзім 90 күнге қысқарды.
2025 жылғы 5 ақпаннан бастап Ресейде заңсыз жүрген шетелдіктер үшін «қоныс аудару режимі» күшіне енеді. Бұл дегеніміз, заң бұзған немесе қажетті құжаттары жоқ шетелдіктер «бақылаудағы тұлғалар тізіліміне» енгізіледі.
Бұл тізімге енген адамдарға: тұрғылықты жерін рұқсатсыз өзгерту, тұрып жатқан өңірден шығу, көлік жүргізу, жүргізуші куәлігін алу, некеге тұру, кәсіпкерлік қызметті тіркеу, мүлік сатып алу және кейбір банк операцияларын орындауға тыйым салынады.
Осы талаптарды орындамаған немесе бірнеше рет заң бұзған мигранттарды депортациялауы немесе сот шешімінсіз арнайы оқшаулау орталығына орналастыруы мүмкін.
Әскери есепке тұрудан бас тартқандарды азаматтықтан айыру
Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды басып кіруі жағдайында мигранттардың онсыз да күрделі жағдайы одан әрі қиындады. Ресей президенті қол қойған заңға сәйкес, Ресей азаматтығын алған шетелдіктер әскери есепке тұрмаса, азаматтығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, Ресейде әскери қызмет өткерген мигранттарға азаматтық алу жеңілдетілді. Бұл мигранттарды өміріне қауіп төндіру немесе азаматтығынан айырылу сынды қиын таңдау алдында қалдырады.
Бұған дейін Ресей Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Ресей азаматтығын алған шетелдіктерді «ұстап» алып, Украинадағы соғысқа жіберетінін мәлімдеген. Бастрыкин мұны мигранттардың санын азайтудың «тәсілі» деп атады.
«Біз Конституция мен заңның талаптарын жүзеге асыра бастадық. Азаматтық алған тұлғалар әскери есепке тұрып, қажет болған жағдайда әскери операцияға қатысуы тиіс. Біз 30 мыңнан астам адамды азаматтық алғанымен, есепке тұрмағандықтан тауып, есепке қойдық. Олардың шамамен 10 мыңын арнайы әскери операция аймағына жібердік. Кейбіреулер: «Олар неге керек?» дейді. Ор қазып, қорғанысты нығайту үшін білікті жұмыс күші қажет», — деп түсіндірді ол.
Азаттық радиосының мәліметінше, 2024 жылғы 28 қазандағы жағдай бойынша, Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан 51 қырғызстандық қаза болған. Олардың 25-і Қырғызстан азаматтары, 23-і Ресей азаматтығында болған, ал үшеуінің азаматтығы белгісіз. Қаза тапқандардың ең жасы 20 жаста, ал ең үлкені 57 жаста болған.
ЕАЭО-ға мүше болудың көмегі шамалы
Ресейде жұмыс істеп жүрген кейбір қырғызстандықтар ресейлік құқық қорғау органдарының қатал қарым-қатынасына, ал басқалары Қырғызстан елшілігінің белсенділігі жеткіліксіз екеніне шағымданып жатыр.
2007 жылдан бері Ресейде жұмыс істеп жүрген Жаныбек жергілікті полицияның мигранттарды «адам құрлы көрмейтінін» айтады.
«Еуразиялық экономикалық одақта екенімізді тек қырғыздардан естимін. Елшілікке мүлде сенім жоқ. Ресей заң қабылдайды, ал елшілік пен диаспора сол заңды жарнамалайды. Басқа түк істей алмайды», – дейді ол.
2019 жылдан бері Ресейде такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Максаттың айтуынша, мигранттардың негізгі қиындықтары тіркеу, оны ұзарту және еңбек шартына қол қоюмен байланысты.
«Таксиде жұмыс істейтіндердің еңбек шарты бар, бірақ басқа салаларда істейтін отандастарымыз үшін бұл үлкен мәселе. Бұрын көптеген адам әр үш ай сайын миграциялық картаны жаңартып тұратын. Егер жаңа заң бойынша бұл мүмкін болмай қалса, жағдай қиындайды», – дейді ол.
Миграция мәселелері бойынша сарапшы әрі заңгер Мирлан Тоқтобеков ресейлік құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін кеңейту мигранттарды күштеп шығару жағдайының көбеюіне әкелуі мүмкін екенін және бұл ретте олардың процессуалдық құқықтары еленбей қалатынын ескертеді.
«Қазіргі соғысқа байланысты адамдарды еш себепсіз шекарадан өткізбей қою жағдайлары жиіледі. Егер Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) шекаралық бақылау қызметкерлері біреуді күдікті деп тапса, ешқандай түсініктемесіз ұзақ мерзімге кіруге тыйым салу шешімін шығарады. ФСБ-ның «қара тізімінде» шамамен 20 мың қырғызстандық бар, ал бұл тізімнен шығу механизмдері іс жүзінде жоқ. Тіпті сот арқылы да бұл шектеулерді алып тастау өте қиын», – деп түсіндіреді заңгер.
Оның айтуынша, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанына және қырғызстандықтар үшін кейбір жеңілдіктер қарастырылғанына қарамастан, азаматтар бұл мүмкіндіктерді әрдайым пайдалана алмайды.
Сонымен қатар, Қырғызстанның Ресейдегі елшілігінің өкілі «Клоопқа» берген мәлімдемесінде дипломатиялық өкілдік отандастарды Ресейдің миграциялық заңнамасындағы өзгерістер мен басқа да өзекті мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отыратынын айтты.
Қырғыз билігі қандай шаралар қолданып жатыр?
Қырғызстан билігі мигранттарды отанға қайтуға шақырып жүр.
Қыркүйектің ортасында президенттің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов елде тігін және құрылыс салаларында жұмыс күші жетіспейтінін, бұл орындарға Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғызстандықтар кіре алатынын айтты.
Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және миграция министрлігі (ЕӘҚММ) мигранттарды отанына қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Министр орынбасары Бақыт Дарманкул уулуның айтуынша, қазір министрлік қайтып келген мигранттарды жұмыспен қамтуға тырысуда. Билік жеңіл өнеркәсіп пен әлеуметтік нысандар салу арқылы 250 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
«Қырғызстандағы жалақы әлі шетелдегі мигранттардың алатын табысымен салыстыруға келмейді. Сондықтан кейде заңды және қауіпсіз миграция үшін жағдай жасау қажет болады», – деді Дарманкул уулу. Бұл үшін ЕӘҚММ Қырғызстаннан еңбек миграциясы бағыттарын әртараптандыруға тырысуда. Мысалы, министрлік жанында шетелде қырғызстандықтарды жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді. Ол қырғызстандықтарға Ресейден басқа, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Шығыс Еуропа елдеріндегі жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы кеңес береді.