Путин әскерилер туралы “жалған ақпарат” таратқандарды 5 жылға соттайтын заңға қол қойды

Президент Владимир Путин Украинада Ресей үшін соғысып жүрген әскерилер мен еріктілер туралы “жалған ақпарат таратқандарды” және «беделін түсіргендерді» ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыратын заң жобасына қол қойды. Бұл туралы «Азаттық Радиосы» хабарлады.

Ресей заңнамасының 207-бабына («Жалған ақпарат тарату») және 280-бабына («Ресей әскерінің беделіне нұқсан келтіру») өзгерту енгізілді. Жаңа заң жобасына сай, енді тек ресейлік әскерге алынғандардың емес, өз еркімен соғысқа барғандар мен жалдамалы әскерилердің де құқығы қорғалады. Олар туралы «жалған ақпарат» таратқандарға баптың алғашқы тармақтары бойынша жаза үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Баптың екінші және үшінші тармағы бойынша 10-15 жыл түрмеге қамалады. Ал әскерилердің “беделіне нұқсан келтіргендер” жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Басылымның хабарлауынша, Ресей билігі әскерилерге қатысты Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сай келмейтін кез келген хабарды “жалған ақпарат” деп санайды.

Factcheck.kz