Полиция Oyan,Qazaqstan белсендісі Ақмарал Жәкібаеваны ұстап әкетті. Ол 21 қаңтарда «Сатира – қылмыс емес» деген жазумен плакат ұстап, пикетке шыққан. Бұл туралы «Тіл кеспек жоқ» телеграм-арнасы хабарлады.
Ақмарал Жәкібаева Темірлан Еңсебек айыпталған 174-баптың саяси белсенділерді қудалау үшін қолданылып жатқанын айтты. Ол алаңда шамамен жиырма минуттай тұрды, плакатқа өзінің де 15 күнге қамалатынын жазған.
Ақмарал – Темірлан Еңсебекті қолдағаны үшін ұсталған төртінші адам. Оның алдында Қостанайда перформанс өткізбек болған белсенді Сергей Зинченконы да полиция ұстап әкетті. Ал пикетке шыққан журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 күнге қамауға алынды.
17 қаңтарда полиция Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, артынша екі айға қамағанын еске салайық. Оған 174-бап бойынша «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Белсендінің адвокаты Жанара Балғабаева Еңсебектің қамалуына ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық пост түрткі болған дейді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.
Басты беттегі сурет «Тіл кеспек жоқ» телеграм-арнасынан алынды.