The Verge басылымының жаңа есебіне сәйкес, OpenAI X желісіне ұқсас өз әлеуметтік платформасын әзірлеп жатыр. Жоба әлі бастапқы кезеңде болса да, ChatGPT-дің сурет генерациясына негізделген әлеуметтік лентасы бар ішкі прототип жасалған. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Есепте OpenAI бұл әлеуметтік желіні бөлек қосымша ретінде іске қосатыны немесе оны ChatGPT қосымшасына біріктіретіні әзірге белгісіз екені айтылған.
Жаңа әлеуметтік желі арқылы OpenAI Илон Масктың X платформасына және Meta-ның Facebook пен Instagram желілеріне бәсекелес болуды көздеп отыр. Сонымен қатар мұндай қосымша OpenAI-ге ЖИ модельдерін оқыту үшін дәл уақыттағы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндік X пен Meta-да бар.
Хабарламаға қарағанда, OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман әлеуметтік желі туралы сыртқы сарапшылардан құпия түрде пікір жинаған.
Қазіргі таңда жобаның жалпыға қолжетімді түрде іске қосылатыны белгісіз. Дегенмен прототиптің болуы OpenAI-дың қазіргі мүмкіндіктермен шектелмей, жаңа бағыттарға ұмтылып жатқанын көрсетеді.