Олимпиада-2024: Иман Хелифтен ұтылған итальялық боксшы жаңа мүмкіндік ала ма?

«Итальялық боксшы Анжела Карини Парижде өтіп жатқан Олимпиадада алжирлік қарсыласы Иман Хелифтен жеңілгеннен кейін тағы бір рет сайысуға мүмкіндік алады» деген ақпарат кеңінен тарады. Snopes фактчекерлері деректі тексерді.

Facebook-тегі «Американың соңғы қорғаныс сызығы» парақшасына бір сурет мынадай тақырыппен жарияланды:

“Итальялық боксшы Анджела Карини тағы бір мүмкіндік алады: оның алғашқы жекпе-жегі әділетсіз болды”.

Алайда фактчекерлер бұл ақпаратқа немесе Каринидің Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге мүмкіндігі бар екені туралы нақты жаңалықтарға ешқандай дәлел таппады. Олимпиаданың уеб-сайтындағы ақпарат бойынша, ол Хелифтен жеңілген соң ешқандай жекпе-жекке шықпайды.

Каринидің Парижде күресуге жаңа мүмкіндік алатыны туралы қауесет The Dunning Kruger Times сатиралық сайтына қатысты бар Facebook парақшасында  жарияланған болса керек. Оның “Біз туралы” деген бетінде былай делінген:

Бұл сайттағы барлық нәрсе фантастика. Бұл өтірік немесе жалған жаңалық емес, өйткені олар шынайы емес. Сіз оның шынайы екеніне сенсеңіз, басыңызды тексеруіңіз керек. Бұл сайттағы қиялдардың нақты адамдарға, шынайы оқиғаға, орынға ұқсағаны – кездейсоқ нәрсе. Мұндағы суреттің бәрі өзгертілген және сатира мақсатында жарияланған.

The Dunning Kruger Times сайтындағы мәлімдеме

Айта кетері, Парижде өтіп жатқан Олимпиадада алжирлік Иман Хелиф пен итальялық Анжела Карини жекпе-жекке шықты. Бірақ жекпе-жек бір минутқа да созылмады. Итальялық боксшы Иман Хелифтің соққысы ауыр екенін айтты. Осыдан соң көпшілік арасында «Иман Хелиф – трансгендер» деген ақпар тарады. Factcheck.kz деректі тексеріп, мұның жалған ақпарат екенін анықтады.

Factcheck.kz