Мыңдаған суретші ЖИ жасаған картиналардың сатылуына қарсы шықты

Мыңдаған суретші Christie’s аукцион үйін жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен жасалған туындыларды сатудан бас тартуға шақырды. Олар мұндай технология «жаппай ұрлыққа» әкеледі деп есептейді. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Christie’s аукцион үйі өз шарасын «Толықтырылған интеллект» (Augmented Intelligence) деп атап, оны жасанды интеллектке арналған алғашқы ірі аукцион ретінде таныстырды. Саудаға 10 мыңнан 250 мың долларға дейінгі бағамен 20 лот қойылмақ, олардың арасында Рефик Анадолдың жұмыстары мен жасанды интеллект өнерінің ізашарларының бірі, марқұм Гарольд Коэннің еңбектері бар.

Аукционның тоқтатылуын талап еткен ашық хатқа 3 мыңнан астам адам қол қойды. Қолдаушылар арасында бұған дейін ЖИ әзірлеушілерін сотқа берген суретшілер Карла Ортиз және Келли МакКернан да бар. Олар нейрожелілерді оқыту барысында өз еңбектерінің рұқсатсыз пайдаланылғанын алға тартады.

«Сіздердің бұл модельдерді (ЖИ модельдерін – ред.) және оларды пайдаланатын адамдарды қолдауыңыз – ЖИ-компанияларды суретшілердің еңбегін жаппай ұрлауға ынталандыру мен марапаттау», – делінген хатта.

Ал Christie’s өкілі аукционға қойылған өнер туындыларын жасау үшін пайдаланылған жасанды интеллект, негізінен, суретшілердің өз деректері негізінде оқытылғанын мәлімдеді.

«Аукционға қатысатын барлық суретші әртүрлі салада жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар, олардың кейбір туындылары әлемдік музейлердің тұрақты коллекцияларына енген. Бұл жұмыстарда жасанды интеллект туындылардың сапасын арттыру үшін қолданылады және көбіне қатаң бақылау жағдайында жүзеге асырылады. Ақпарат суретшілердің өздері енгізген деректер арқылы өңделеді», – деді Christie’s баспасөз хатшысы.

Контекст

2022 жылы АҚШ-тың Колорадо штатында өткен бейнелеу өнері байқауында жасанды интеллект жасаған картина бірінші орынға ие болды. Қатысушы картинаны өзі салмағаны, оны Midjourney деп аталатын нейрожелі жасағаны белгілі болғаннан кейін, өнер қауымдастығында қызу пікірталас туды.

Журналист

Factcheck.kz