Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасанды интеллекті (ЖИ) қолдану бойынша сауалнама нәтижелерін жариялады. Сауалнама 3-9 наурыз аралығында eGov mobile қосымшасында өтті. Жас ерекшелігі бойынша ең белсенді қатысқан – 30-45 жас аралығындағы азаматтар.
Сауалнамаға барлығы 53 мың азамат қатысты. Ең ерекше нәтижелердің бірі – респонденттердің 79%-ы ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын меңгергісі келетінін, бұл технологияның болашақта маңызды құрал болатынын айтқан.
Басқа нәтижелер:
- 65% қатысушы жасанды интеллекті күнделікті өмірде қолданады;
- 35% қатысушы ЖИ-ді кәсіби қызметінде пайдаланады;
- 22% респондент ЖИ туралы жақсы біледі;
- 43%-ы ЖИ туралы білсе де, сирек қолданады;
- 34% респондент бұл технология туралы мүлде білмейтінін айтты
Сауалнамаға қатысқандардың 47%-ы кейбір шаруаларды ЖИ-ге тапсыруға болады деп санайды, бірақ адам бақылауы әлі де маңызды екенін айтады. Ал 29%-ы жұмыс орындарының қысқару қаупіне алаңдайды. 22% респондент ЖИ адамдарға күрделі тапсырмаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Вице-министрдің мәлімдемесі
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин қоғамның ЖИ-ге қызығуы цифрлық білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Қоғамда цифрлық дағдыларды үйренуге үлкен сұраныс бар екенін байқап отырмыз. Бұл – дамуға тамаша мүмкіндік. Министрлік жасанды интеллекті меңгеруге көмектесетін қолжетімді білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жалғастырады. Сауалнама нәтижелері цифрлық шешімдерге қолданысты арттыратын жаңа бастамаларға негіз болады. Бұл қазақстандықтардың өмірін ыңғайлы әрі тиімді етеді», – деді ол.
Контекст
Жақында Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді талқылады. Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі тұстарын түсіндіретін құжатты жариялады. Оған сәйкес, ЖИ жүйелерін үш топқа бөлу жоспарланып отыр: көмекші (ассистенттер), жартылай автономды және толық автономды жүйелер. Толық автономды жүйелер – алдын ала берілген нұсқауларға тәуелсіз шешім қабылдайтын және иесінің бақылауына көнбейтін жүйелер. Қазақстанда мұндай технологияларды жасауға және пайдалануға тыйым салынбақ.