Ресейдің «Матрёшка» боттар желісі таратқан жалған видео 13 миллионнан астам қаралым жинады. Онда USAID агенттігінің танымал адамдарға Украинаға бару үшін ақша төлегені көрсетілген. Бейнежазбаны Twitter (X) желісінде Илон Маск пен Дональд Трамп-кіші бөліскен. Мұны The Insaider басылымы «Блокировщик ботов» жобасына сілтеме жасап хабарлады.
Жоба мәліметінше, USAID-тің жабылатыны туралы жалған видеолар мен жазбалар 3 ақпаннан бастап Twitter (X) және BlueSky желілерінде тарала бастаған. Видеоларда беделді Voice of America, ENews және France 24 сынды беделді халықаралық басылымдардың логотипі қолданылған. Алайда ENews пен Voice of America бұл видеоларға ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Басылымның жазуынша, видео сырт көзге USAID-тың жабылуын айыптап, Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трампты «есі ауысқандар» және «демократияны қиратушылар» деп сипаттағанымен, негізгі мақсаты – USAID-тың АҚШ қаржысына тәуелсіз медианы қолдайтынын көрсету. Бұл арқылы авторлар USAID демократиялық құндылықтарды емес, АҚШ-тың мүдделерін алға тартады деген ойды көрерменге жеткізуді көздеген.
Ең көп қаралым жинаған видеода (оны Илон Маск X желісінде бөліскен) USAID Украинаға барған Голливуд жұлдыздарына ірі көлемде ақша төлегені айтылған:
- Анджелина Джоли – 20 миллион доллар,
- Орландо Блум – 8 миллион доллар,
- Бен Стиллер – 4 миллион доллар,
- Жан-Клод Ван Дамм – 1,5 миллион доллар.
Алайда Бен Стиллер бұл ақпаратты жоққа шығарып, Украинаға сапарын өз қаражатымен ұйымдастырғанын және USAID-тен ешқандай қаржылық көмек алмағанын мәлімдеді.
Контекст
Бұған дейін Factcheck.kz әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдары таратқан АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) Қазақстаннан кетуі туралы ақпаратты тексерген.