Бірнеше күн бұрын медиада жаңалық тарады: режиссер Фрэнсис Форд Копполаның “Мегалополис” деген фильмінің трейлерінде өтірік ақпарат болғандықтан, өшірілді. Онда киносыншылар айтты деген жалған мәлімдемелер бар. Бұл туралы “Курсив” хабарлады.
“Мегалополис” фильмінің трейлері “Нағыз данышпандарды түсіну қиын” деген сөзден басталады. Кейін экраннан режиссердың бұрынғы фильмдері туралы жағымсыз пікірлер шығады. Бірақ ол пікірлер жалған болып шықты: Lionsgate компаниясы шын киносыншылардың атын жазып, олар айтпаған немесе басқа фильмдер туралы пікірін шығарып қойған.
Lionsgate компаниясы трейлерді өшіріп, киносыншылардан, American Zoetrope киностудиясынан және Фрэнсис Форд Копполадан кешірім сұрады.
Кейінірек Deadline басылымы “Lionsgate түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ аты аталмаған дереккөзге сәйкес, трейлерде келтірілген дәйексөздер жасанды интеллект (AI) арқылы жасалған”, – деп жазды.
Кейбір адамдар бұл жалған ақпарат маркетиң қадам ретінде жасалған деп ойлады. Бірақ дерек бойынша, Lionsgate мұны әдейі істемеген, материалды тексеріп жатқанда қате кеткен.