АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кірісе сала, бірқатар жарлыққа қол қойды. Deutsche Welle жазғандай, жарлықтың бәрі бірдей жақын арада күшіне енбейді. Басылым саясаттанушыдан қандай құжаттар қабылданғанын сұрады.
Атқарушы жарлықтар деген не?
Атқарушы жарлықтар – мемлекет басшысы Конгресстің келісімінсіз шығаратын бұйрықтар. Осылайша, Америка президенті өкілдер палатасы мен Сенатқа жүгінбей-ақ, федералды шенеуніктерді міндеттейтін өз ережелерін шығарады.
Америка университетінің саясат, басқару және экономика кафедрасының профессоры Мишель Иганның айтуынша, атқарушы жарлықтар сот дауына ұласып, артынша алынып тасталуы мүмкін. АҚШ-та мұндай құжаттарға қол қою «басқарудың маңызды түріне айналса да, тез жойылады».
Трамп қандай жарлықтарға қол қойды?
Алдымен Трамп бұрынғы президент Джо Байден шығарған 78 ереженің күшін жойды. «Халықаралық француз радиосы» Америка президенті 2021 жылғы 6 қаңтарда Конгресс ғимаратына шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім беріп, 14 адамның жазасын жеңілдетті деп жазды.
Дональд Трамп уәде еткендей, сайланған соң бірден АҚШ-ты Париж климаттық келісімінен алып тастады. 2015 жылы бұл келісімге Барак Обама қол қойған, бірақ екі жылдан кейін Трамп бұл шешімнің күшін жойған. 2021 жылы Джо Байден АҚШ – ты келісімге қайтарды. Ал Трамп осы жолы да бұл келісімнен бас тартты.
Трамп АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан да (ДДСҰ) шығарады. Осылайша, ұйым қаржыландырудың ең үлкен көзінен айырылмақ. Өйткені ұйымға қаражаттың 16% пайызы АҚШ-тан түсетін. DW басылымы елдің ДДСҰ-дан шығу туралы шешімі бір жылдан кейін ғана күшіне енеді деп жазды.
«Америка дауысы» хабарлағандай, тағы бір жарлық бойынша Мексика шығанағы Америка шығанағы деп өзгертіледі. Ал Аляскадағы Денали тауы АҚШ-тың 25-ші президенті Уильям Маккинлидің құрметіне берілген Маккинли атауын қайтарады. Тиісті өзгерістер АҚШ-тың жер атауларының ақпараттық жүйесіне (GNIS) 30 күн ішінде енгізілуі керек.
Бұдан бөлек, АҚШ-та TikTok-қа тыйым салу кем дегенде 75 күнге шегерілді. Трамп бас прокурорға платформаны сатуды талап ететін заңды қолданбауды бұйырды. Президент өз жарлығында бұл кідіріс ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғайтын және қолданбаның жабылуына әкелмейтін қолайлы бағытты анықтауға уақыт береді дейді.
Сөз бостандығын қорғау және федералды цензураны тоқтату туралы жарлық қабылданды. Бұл құжат федералдық қызметкерлерге азаматтардың сөз бостандығын «Конституцияға қайшы» шектеуге қандай да бір түрде ықпал етуге тыйым салады. Сонымен қатар, салық төлеушілердің ақшасын осы мақсаттарға пайдалануға рұқсат етілмейді.
«Әйелдерді гендерлік идеологиялық экстремизмнен қорғау және федералды үкімет үшін биологиялық ақиқатты қалпына келтіру туралы» жарлықта Трамп екі ғана жыныстың — әйел және ер адамның бар екенін мойындайтын ресми саясатты бекітті.
Президенттің сайланғаннан кейінгі алғашқы шешімдерінің бірі – «алуандық, теңдік және инклюзия» (DEI) саясатын ілгерілетуді көздеген жарлықтарды жою болды. Оның пікірінше, бұл саясат америкалық институттардың негіздерін бұзып, еңбекқорлық, лайықтылық және теңдік принциптерін алалап, қауіпті иерархияға ауыстырған.
АҚШ азаматтығын туу бойынша алу құқығы да шектеледі. Бұл құжатқа сәйкес, егер нәрестенің ата-анасы ел аумағында заңсыз немесе уақытша жүрсе, АҚШ-та туған бала автоматты түрде азаматтық алмайды. Reuters хабарлауынша, бұл шешім АҚШ Конституциясында бекітілген туу құқығы бойынша азаматтық алу принципіне қайшы келеді деп танылып, 22 штаттың сотқа шағымдануына себеп болды.
Сонымен бірге, Трамп шет мемлекеттерге даму бағдарламаларына көмек көрсету мерзімін 90 күнге тоқтата тұруды тапсырды. Бұл бағдарламалардың тиімділігі мен олардың АҚШ-тың сыртқы саясатына сәйкестігін бағалау мақсатында жасалды.