Саябақ күзетшілерінің гориллалармен жасаған селфиі X желісінде 2024 жылғы қарашада вирус боп тарады. Snopes басылымы суреттің рас-өтірігін тексеріп көрді.
“Конгода браконьерлермен күресушілер өздері күзететін гориллалармен селфи жасады”, – делінген X желісіндегі Nature Is Amazing жазбасында.
Тамызда Creepy.org парақшасы да суретті “гориллалар шынымен де адамдарға мейірімді ме?” деген сұрақпен жариялады.
Фотода расымен адам мен горилланың достығын көруге болады, бірақ бұл қарапайым гориллалар емес екенін ескеру керек. Олардың есімі – Ндакази және Ндезе. Гориллалар сәби кезінде жетім қалып, адамдардың арасында тәрбиеленген.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, 2019 жылы Вирунга ұлттық саябағының рейнджері Матье Шамаву телефонын тексеріп жатқанда, оның әрекетін қайталап тұрған екі жетім горилланы байқап қалады. Солайша Шамаву өзінің қамқорлығындағы екі ұрғашы горилламен суретке түседі.
Фото желіде жарияланғаннан кейін тез тарап, танымал боп кетті. Сол уақыттан бері әртүрлі платформада сурет бірнеше рет шығады. Мәселен, 2021 жылғы сәуірде Reddit-те “браконьерлермен күресушілер өздері қорғайтын гориллалармен селфи жасады” деген пост жарияланыпты.
Шамаву екі горилла Вирунга аймағында браконьерлердің кесірінен жетім қалғанын айтады. Бұл суреттің төңірегінде де түрлі фейк пайда болды. Мәселен, 2020 жылы Шамаву мен екі горилланы браконьерлер өлтірді деген қауесет тарады. Бірақ саябақ әкімшілігі Reuters агенттігіне Шамаву да, екі горилла да аман-сау екенін растады.
2019 жылы Daily Mail-дегі мақалада рейнджерлер мен гориллалардың басқа да фотолары жарияланды. Соның ішінде Шамавудың селфиінде рейнджер Патрик Садики де бар.
Басты беттегі сурет Reuters агенттігінен алынды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.