Бірнеше күннен кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі 29-конференциясы (COP29) өтеді. Бұл шара Әзербайжан үкіметі үшін ерекше маңызға ие. Дегенмен, оппозиция мен сыншылар бұл бастаманы үкіметтің өзі туындатқан қиындық ретінде бағалайды. Factcheck.kz редакциясы Meydan TV материалын негізге ала отырып, COP29 қарсаңындағы Әзербайжандағы саяси бостандықтар мен экология саласындағы жағдайға шолу жасады.
Әзербайжан билігі халықаралық деңгейдегі мәдени және спорттық шараларды табысты өткізгеннен кейін, климаттық саясатты реттеуге бағытталған БҰҰ конференциясын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам елді халықаралық құқық қорғау ұйымдарының, Батыс институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарында қалдырады. Мұндай ықпалды шараның жауапкершілігін президент Ильхам Әлиев 2024 жылдың шілде айында Шушада өткен Екінші жаһандық медиафорумда атап өткен еді.
Әзербайжанның төрағалығын талқылау барысында көптеген адаммен, әріптестеріммен, мемлекет және үкімет басшыларымен сөйлескенімде, олар бұл үлкен бас ауруына айналуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ біз бәрін анық түсіндік: шабуылдардың нысанасына айналатынымыз белгілі еді. Айыптаулардың нақты тақырыбын болжай алмасақ та, олардың жеткілікті болатынына күмәніміз болмады.
Ильхам Әлиев
Конференция күні жақындаған сайын президент Әлиев пен Әзербайжан үкіметіне саяси тұтқындарды босату туралы үндеулер күшейіп келеді. Бұл үндеулер Еуроодақ, Еуропалық комиссия, Еуропарламент, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ АҚШ Конгресі мен Мемлекеттік хатшысы деңгейінде әртүрлі форматта айтылып жатыр. Беделді халықаралық құқық қорғау ұйымдары өз есептерінде COP29 конференциясы қарсаңында қатысушыларды Әзербайжанның ресми өкілдерімен келіссөздер кезінде саяси тұтқындар мәселесін көтеруге шақырып отыр. Атап айтқанда, Human Rights Watch (HRW) ұйымы елдегі саяси жағдай туралы егжей-тегжейлі есеп жариялап, COP29-ға қатысушы елдерді «климат өзгеруіне қарсы күрес тәуелсіз дауыстардың қатысуын талап етеді» деп мәлімдеуге үндеді.
«Үкімет өз мақсатына жете алмады»
Әзербайжанның оппозициялық Халықтық майдан партиясының төрағасы Әли Керимлидің пікірінше, үкімет COP29-ды өткізудегі өз мақсатына қол жеткізе алмады. Оның айтуынша, прогрессивті күштердің, құқық қорғаушылардың және әлемнің түкпір-түкпіріндегі тәуелсіз медианың бірлескен күш-жігерінің арқасында саяси тұтқындар мәселесі бұдан да үлкен ашықтыққа ие болды:
Енді бұл мәселені жекелеген халықаралық ұйымдар ғана емес, климаттық белсенділердің өздері де көтерді. Олар Әзербайжан билігі адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындауға тиіс деп нақты айттып жатыр. Өкінішке қарай, Ильхам Әлиевтің жүргізіп отырған саясатының салдарынан «Әзербайжан» және «саяси тұтқындар» сөздері қатар айтылатын ұғымға айналды. Әзербайжан немесе COP29 қай жерде талқыланса да, бұл мәлімдемелер мен сұхбаттарда міндетті түрде саяси тұтқындар тақырыбы көтеріледі. Билік Бакудың жылтыраған, шұғыл жөнделген көшелерінің артында жасырынған жемқорлықты, азаптауларды және репрессияларды жасыра алмады. Керісінше, дәл қазір бүкіл әлем Әзербайжандағы репрессиялар туралы бұрынғыдан да көп хабардар болып отыр.
Әли Керимли
Алдыңғы екі COP конференциясы Египет пен БАӘ-де өтті. HRW атап өткендей, «үшінші жыл қатарынан COP конференциялары адам құқықтары шектелген, сөз бостандығы мен жиналыс еркіндігі қысымға алынған елдерде өтіп жатыр».
Экономист Тоғрул Велиевтің пікірінше, COP29 Әзербайжандағы экологиялық ахуалды жақсартуға назар аударуға мүмкіндік береді:
Әзербайжанда экология саласында күрделі мәселелер бар екенін көріп отырмыз. Мұндай ауқымды шараларды өткізу елдің экологиялық саясатын жетілдіруге ықпал етуі мүмкін. Мысалы, Апшерон түбегі мен COP29 өтетін орындардың экологиялық жағдайы аса жақсы емес. Сонымен қатар қалдықтарды өңдеу, оларды шығару сияқты жүйелер де дұрыс жолға қойылмаған.
Тоғрул Велиев
Әзербайжанның экологиялық жағдайын бағалай отырып, елдің ауа, су және топырақ сапасының барлық жерде ластанғанын байқау қиын емес. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ластану биоәртүрліліктің азаюына және экожүйелердің бұзылуына әкеліп жатыр.
«Өлгіміз келмейді»
2023 жылдың маусым айында Әзербайжандағы Гедабек ауданының Содюдлу ауылындағы наразылық акциясы басты назарға шықты. Ауыл тұрғындары алтын өндіретін зауыт жанындағы цианид қышқылымен толтырылған бұрыннан бар көлге жақын аумақта екінші көл салу жоспарына қарсылық білдірді. Олар бұл құрылыс жұмыстарын дереу тоқтатуды талап етіп, жаңа көлдің пайда болуы жергілікті халық арасында аурулардың көбейіп, денсаулыққа ауыр зиян келтіретінін мәлімдеді. Тұрғындардың айтуынша, көлдің маңында небәрі 10 минут тұрғанда-ақ адамдардың басы айналатын көрінеді.
Бір айда бізде 18 адам қайтыс болды, 18 адамды жерледік. Барлығы – қатерлі ісіктен.
Наразылықты басу үшін Ішкі істер министрлігінің жедел әрекет ету жасағы жұмылдырылды. Алайда, қатал алдын алу шаралары наразылық білдірушілердің ашу-ызасын одан сайын өршіте түсті. Аз ғана тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам өкілдері, негізінен ел астанасында орналасқандар, келесі күні ауылға келіп, тұрғындардың шағымдарын тыңдап, олардың үнін кең аудиторияға жеткізуге тырысты. Солардың бірі, тәуелсіз журналист Эльмеддин Шамильзаде, сол күндерді былай еске алады:
Бұл – он жылға созылған процестің шарықтау шегі еді. Бұл жол бір айға созылды. Ауылдың бір бөлігінде алтын кен орны болса, екіншісінде – цианид көлі бар еді. Ал олар бұл көлді кеңейтпек болды. Көл салынған кезде қауіпсіздік ережелері мүлде ескерілмеген: оны тек бетон «текшелермен» қоршап, сумен толтыра салған. Сол жерден аққан су өзенге қосылып, ауыз сумен араласып жатыр… Адамдар уланып қалмау үшін наразылыққа шықты. Олар жай ғана өлгісі келмеді. Өздерінің наразылықтары арқылы олар «Бізді өлтірмеңдер» деп айтты.
Эльмеддин Шамильзаде
Содюдлудағы оқиғаларды жариялаған тәуелсіз журналистер көп ұзамай полиция тарапынан қысым көрді. Көпшілігі ауылдан күштеп шығарылды. Солардың арасында қазір қамауда отырған AbzasMedia онлайн-басылымының тілшісі Наргиз Абсаламова да болды.
Журналистер ауылда болған кезде, Эльмеддин Шамильзадеге видеоға түсіруге мүмкіндік туды. Ол бұл видеоның кейін өз өміріне үлкен әсер еткенін айтады:
Бір күн бұрын келген полиция жасағы келесі күні қайтадан ауылға оралды. Мен осы сәтті пайдаланып, оларды түсіріп үлгердім. Яғни, олар маска киіп үлгермей тұрып, кейбірінің бет-әлпеттерін видеоға түсіріп, суреттерін интернетке жарияладым. Бұл жазба көпшіліктің қызығушылығын тудырып, кең таралды. Үйге оралғанымда, есігімнің алдында полиция қызметкерлері күтіп тұрды. Олар мені ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, бөлімшеге алып кетті. Нақтырақ айтсам, олар мені ұстаған жоқ, ұрлап әкетті деуге болады. Қолымнан ұстап, көлікке итеріп кіргізді де, полиция бөлімшесіне жеткізді. Сол жерде олар маған жариялаған жазбаларымды өшіруді талап етті. Бас тартқанымда, қоқан-лоққы жасап, намысыма тиіп, ұра бастады. Бірақ мен оларға телефонның құпиясөзін бермей, суреттерді жасырып қалдым. Телефонымды қайтарып алуға да қол жеткіздім. Алайда, олар мұнымен тоқтамады. Мені бөлімшенің камерасына қамап, кейін қайтадан шығарып алды. Бір полицей зорлаймын деп қорқытып, қысым көрсетті. Сол кезде ғана телефонымның құпиясөзін беруге мәжбүр болдым.
Эльмеддин Шамильзаде
Журналист босатылғаннан бірнеше күн өткен соң, оны полицияға қайта шақырды. Осыдан кейін, қамауға алудан қауіптеніп, елден кетуге мәжбүр болды.
Құқық қорғаушы Самир Кязымлының пікірінше, Әзербайжанда қалған аз ғана тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам өкілдері үкіметті алаңдатып отыр. Сондықтан билік оларды жазалау және шектеу шараларын күшейтуге тырысады:
Әзербайжан билігінің тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамды басып-жаншуының негізгі себебі – ешкімнің проблемаларды ашық жариялап, талқылауына мүмкіндік бермеу. Содюдлудегі оқиғалар – елдегі соңғы уақыттағы маңызды оқиғалардың бірі, ол қоғамда үлкен резонанс тудырды. Азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ бұл мәселені жария ете алды. Жылдар бойы олардың қызметі шектеліп келгенімен, билік оларды одан әрі басып тастау қажеттігін түсінді. Себебі, олар әлі де елдегі күн тәртібін қалыптастырып, қоғамдағы мәселелерді айқындауға қабілетті екенін көрсетті. Әзербайжан билігі аз ғана қалған тәуелсіз БАҚ пен шағын азаматтық қоғамның бар екенін көрді және олардың халыққа өзекті мәселелерді жеткізе алатынына көз жеткізді. Сондықтан билік тағы да оларды шектеуге бағытталған шараларды қолға алды
Самир Кязымлы
Екі түрлі айыппен екі қамау
Содюдлудегі оқиғадан 20 күн өткен соң, президент Ильхам Әлиев үнсіздікті бұзып, алтын өндіретін зауыттың қызметін сынға алып, осы жұмысқа жауапты мемлекеттік органдарға ескерту жасады:
Сірә, олар не Экология және табиғи ресурстар министрлігімен мәміле жасаған, не өз бетінше әрекет еткен. Бұл мәселені мұқият тергеу қажет. Барлық нұсқаулар берілді. Прокуратура мен басқа да тиісті органдарға тапсырма жіберілді. Бұл туралы естігенде, премьер-министрге қоңырау шалып, комиссия құрып, оқиға орнына жіберуді тапсырдым. Мен бұл туралы не айтуым керек еді?!
Ильхам Алиев
Әлиевтің сөзіндегі негізгі тұстардың бірі – президенттің азаматтар полицияға қарсылық білдіріп, тәртіп бұзушылық жасағанын, ал полиция өз өкілеттігі шеңберінде дұрыс әрекет еткенін сенімді түрде айтуы болды:
Осы арандатушылардың бірқатары Әзербайжанда, ал кейбірі шетелде жасырынып жүр. Әзербайжандағы арандатушылар анықталды, олардың кейбірі жауапқа тартылды. Біз шетелдегілерді де жауапқа тартамыз. Ешкім бізді бұл туралы ұмытып кетті деп ойламасын. Әзербайжанда хаос, заңсыздық, арандатушылық әрекеттер 1993 жылы тоқтады. Біреу мұны ұмытқан болса, есіне түсіреміз. Сондықтан азаматтар мәдениет танытып, тәртіпті болып, заңға бағынуы керек. Олар полицияға тас лақтырмауға тиіс. Полицияға тас лақтыру ешкімге жақсылық әкелмейді. Бұл – қылмыс. Әзербайжан полициясы шыдамдылық танытып жатса, бұл оларға тас лақтыруға болады дегенді білдірмейді. Бұл – мүлдем жол берілмейтін әрекет. Мен барлығына айтамын: ешкіммен беталды мәміле жасамаймыз. Қажет болса, кінәлілерді жазалаймыз, олар бұл үшін қатты өкінеді.
Президенттің мәлімдемесінен бір апта бұрын Гедабек ауданының бұрынғы депутаты Назим Байдамирли (Мамедов) Қылмыстық кодекстің 182.2.4-бабы бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы топпен аса ірі көлемде бопсалау) айыпталып, қамауға алынды. Экс-депутат өз қамауға алынуын Содюдлу оқиғалары кезінде әлеуметтік желілердегі белсенді мәлімдемелерімен байланыстырды. Ол өзін «экология тұтқыны» деп атайды.
Содюдлу тұрғыны Джошгун Мусаев наразылық акциясына арналған плакаттарды ұйымдастырғаны үшін айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Наразылық акциясынан кейінгі күні ол ұсталып, алдымен Гянджа қаласындағы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бөлімшесіне, кейін Бакуге, Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жеткізілді. Azadlıq радиосы Джошгун Мусаевтың сөздерін келтіреді:
Гянджада мені Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің ғимаратында тінтті. Менде есірткі болса, олар сол жерде-ақ табылар еді. Мені бір түн бойы «банда бөлімінде» ұстап, келесі күні таңертең Нариманов саябағына апарды. Маған алдын ала ескерткендей, орындыққа отырып, алыстан түсірілім жасады. Кейіннен бұл сценарий екенін, мені Бакуде ұсталғандай көрсету үшін жасалғанын білдім.
Джошгун Мусаев
Ильхам Әлиев Содюдлу оқиғасына байланысты бірнеше адамның жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Алайда, сол оқиғаға қатысы бар деп аталған екі адамның басқа айыптар бойынша қамауға алынғаны белгілі болды.
Құқық қорғаушы Самир Кязымлы қамауға алу себептері мен тағылған айыптардың арасындағы сәйкессіздікті түсіндіріп, былай деді:
Содюдлу оқиғаларынан кейін билікті қолдайтын БАҚ-та бұл әрекеттердің тапсырыспен ұйымдастырылғаны туралы әртүрлі мәлімдемелер пайда болды. Үкімет өз сценарийін құрып, кінәліні көрсетуі керек еді. Назим Байдамирли Гедабек ауданының депутаты ретінде жергілікті зиялылардың өкілі болып, ауданның мәселелерін анда-санда көтеріп отыратын. Билік оны осы сценарийге «лайықты тұлға» деп тапты. Менің білуімше, ол Содюдлу оқиғаларына байланысты пікір білдірген. Бірақ, әрине, оны тікелей осы оқиға үшін қамауға алған болса, бұл биліктің ойластырған әрекеті екені анық көрінер еді. Сондықтан билік басқа жолды таңдады: «жала жабу механизмін» іске қосып, басқа айыптар тағуды шешті. Бірақ барлығы бәрін түсініп отыр — оны қамауға алғандар да біледі: Содюдлу оқиғалары болмағанда, Назим Байдамирли қамауға алынбас еді.
Самир Кязымлы
Құқық қорғаушы Самир Кязымлының пікірінше, үкімет экологиялық мәселелерді шешудің орнына, бұл проблемаларды көтергендерді жазалаумен айналысады. COP29 конференциясының өтуіне қарамастан, биліктің климат мәселелеріне деген шынайы қызығушылығы байқалмайды:
Экологиялық мәселелерді шешуде азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тың қатысуы өте маңызды. Үкімет те өз деңгейінде белгілі бір жұмыстар атқарып, қажетті жағдай жасауға тиіс. Бірақ бұл жұмыс тек әкімшілік ресурстармен шектелмеуі керек. Тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамды шектеу арқылы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған үлкен шаралар ұйымдастырылса, бұл сенімді көрінбейді, тіпті әсері болмай қалады.
Самир Кязымлы
Сарапшылардың айтуынша, Әзербайжанда экологиялық мәселелермен айналысатын тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар өте аз. Ал журналистер үшін бұл тақырыптарды жариялау түрлі шектеулер мен қысымдардың салдарынан үлкен қиындық тудырады. Мәселен, Abzas Media мен Toplum TV секілді медиа ұйымдары Содюдлудегі экологиялық мәселелерді көтерген соң биліктің қысымына тап болды. Олардың қызметкерлері қамауға алынып, редакциялары жабылды. Қамауға алынғандардың бірі, Сайлауды бақылау және демократияны оқыту институтының жетекшісі Анар Мамедли, COP29 конференциясына дайындықпен айналысып жүргендердің қатарында еді.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық сарапшы Флориан Ирмингер Анар Мамедлидің қызметін мұқият бақылап отырады. Оның пікірінше, Әзербайжан үкіметі COP29 қарсаңында тәуелсіз дауыстарды өшіруге бар күшін салып жатыр:
Оны екінші рет ашық саяси себептермен қамауға алды. Бұл қамауға алу COP-қа дайындық барысында басқа құқық қорғаушылармен бірге климаттық әділеттілік бастамасын құрғаннан бірнеше апта өткен соң болды. Бұл адамдардың COP аясындағы қоғамдық талқылауларға қатысуға деген ұмтылысын көрсететін маңызды белгі…
…Үкімет тәуелсіз дауыстардың, тіпті экологиялық немесе климаттық әділеттілік туралы пікір білдіруін қаламайды. Бірақ климаттың өзгеруімен күресу азаматтық қоғам үшін ашық кеңістіксіз мүмкін емес.
Жоғары деңгейдегі қатысушылар көп болады деп үміттенеміз. Азаматтық қоғамның қатысатынын да үміт етеміз және COP29 ұйымдастырушыларынан қабылдаушы елмен жасалған келісімді жария етуді сұраймыз, өйткені оның мазмұны әлі күнге дейін жұртшылыққа ашылған жоқ. Бұл келісімде Әзербайжан үкіметінің қандай міндеттемелерді өз мойнына алғанын білуіміз керек. Сонымен қатар Әзербайжан үкіметін COP барысында ешбір шектеусіз жиналыстар өткізуге рұқсат беруге шақырамыз. Бұл елдің азаматтық қоғамы өздерінің алуан түрлілігімен шараға толыққанды қатыса алуы үшін маңызды.
Флориан Ирмингер
Ирмингер COP қарсаңында журналистер мен басқа да саяси тұтқындардың босатылатынына үміт білдіреді. Мұндай үмітті тек ол ғана емес, кейде Әзербайжан қоғамының өкілдері де айтады. Сонымен қатар Батыс елдері Әзербайжаннан саясатын жұмсартып, репрессияларды тоқтатуды талап етіп жатыр. Алайда, осы кезеңде Әзербайжан үкіметі Батыспен келіссөздерде қатаң риторикаға көшіп, Ресей және Қытаймен байланыстарын нығайтып, БРИКС-пен ынтымақтастықты арттырып келеді.
Әзербайжан үкіметінің БРИКС-ке мүше болуға берген өтінішін талқылау барысында оппозиция бұл әрекетті «авторитарлар клубына қосылу» деп атады.
Флориан Ирмингердің пікірінше, Әзербайжан COP29 шарасына негізінен техникалық көзқараспен қарап отыр. Дегенмен, бұл конференция елдегі экологиялық жағдайды жақсарту және саяси ахуалды тұрақтандыру мәселелерін талқылауға жол ашуы мүмкін.
Ресми Баку өз тарапынан COP29-ды өткізуді Әзербайжан үшін өте маңызды оқиға деп есептейді және бұл шараның беделін басқа тақырыптармен түсіруге жол бермейтінін мәлімдейді.
«Медиа желінің» қолдауымен жарияланды