Қытай үкіметі қаржыландыратын Advanced Persistent Threat тобының хакерлері АҚШ Қаржы министрлігінің компьютерлік жүйесіне еніп, жұмыс компьютерлері мен құпия емес құжаттарға қол жеткізді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің өкілі “Голос Америки” басылымына хабарлады.
Хакерлер жұмыс компьютерлеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін BeyondTrust компаниясын бұзу арқылы қол жеткізген.
Кибершабуыл туралы министрлік 8 желтоқсанда біліп, «Киберқауіпсіздік және инфрақұрылым қауіпсіздігі агенттігімен» (CISA), Федералдық тергеу бюросымен (ФБР), барлау қауымдастығымен және сыртқы сот сарапшыларымен оқиғаның салдарын анықтау мақсатында жұмыс істей бастаған.
«Қаржы министрлігі біздің жүйелерімізге және ондағы деректерге төнетін барлық қауіп-қатерге өте байыпты қарайды. Кейінгі төрт жылда Қаржы министрлігі өзінің киберқауіпсіздігін айтарлықтай күшейтті және біз қаржы жүйемізді ықтимал қауіптерден қорғау үшін жеке әрі мемлекеттік серіктестермен жұмыс істеуді жалғастырамыз», – дейді министрлік өкілі.
Министрліктің саясатына сәйкес, APT хакерлік тобы жасаған кез-келген кибершабуыл «киберқауіпсіздік саласындағы күрделі оқиға» болып саналады.