Қытай елшісі Украина егемендігіне қатысты сұрақты күлкіге айналдырған ба?

Жақында Франциядағы Қытай елшісінің Қырымға қатысты «проблемаға қалай қарайтыныңызға байланысты», «Хрущев Кеңес Одағы кезінде Қырымды Украинаға сыйлады» деген мәлімдемесі дүрбелең тудырды. Бірнеше күннен соң, 24 сәуірде, Франциядағы Қытай елшілігінің парақшасынан сұқбаттың стенограммасы өшірілді. Дәл сол күні ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Ниннің пресс-конференциясы өтті. Онда журналистер кейінгі резонанс жағдай – Париждегі елшінің сөзіне қатысты да сұрады. «Проверено» фактчекерлерінің хабарлауынша, Мао Ниннің сұқбатының үзіндісі орыс тіліндегі Telegram-арналарында тарап жатыр. Онда Қытай елшілігінің өкілі Украинаның егемендігіне қатысты сұрақты күлкіге айналдырған деседі (мұнда, мұнда, мұнда).

Фактчекерлер пресс-конференцияда Франциядағы Қытай елшісінің мәлімдемесіне қатысты алғашқы сұрақты ресейлік ТАСС агенттігінің корреспонденті қойғанын анықтады.

Ол былай сұраған:

«Өткен жұмада Франциядағы Қытай елшісі Лу Шае француз медиасына сұқбат берді. Қырымның кімге тиесілі екені жөніндегі сауалға ол проблеманың қалай қабылданатынына байланысты екенін айтты. Тарих бойынша Қырым Ресейге тиесілі, Кеңес Одағының бұрынғы лидері Никита Хрущев оны Украинаға берді. Сіздің пікіріңіз қандай?»

Маон Нин былай жауап берді:

«Бұған қатысты Қытайдың позициясында өзгеріс жоқ. Ал шекаралық егемендікке байланысты Қытайдың позициясы нақты әрі анық. Қытай барлық елдің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтейді және БҰҰ жарғысының мақсаты мен принципін ұстанады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай тиісті елдермен дипломатия қарым-қатынасын орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Осы мемлекеттермен дипломатия байланысы орнағаннан бері Қытай олармен достық және екі жақты кооператив қатынастарды дамытуда өзара құрмет пен теңдік қағидаттарын ұстанды. Қытай бұрынғы Кеңес республикаларының Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі егемен ел ретіндегі мәртебесін құрметтейді. Украина мәселесіне келсек, Қытайдың ұстанымы айқын және нық. Біз Украинадағы дағдарысты саяси реттеуге үлес қосу үшін халықаралық қауымдастықпен жұмыс істеуді жалғастырамыз. Кейбір бұқаралық ақпарат құралы Қытайдың Украина мәселесіне қатысты ұстанымын бұрмалап, Қытай мен мүдделі елдер арасында алауыздық тудыруға тырысады. Бұл қырағылықты қажет етеді».

Осылайша, ол Қытай Украинаның және басқа посткеңестік республикалардың егемендігін құрметтейтінін анық жеткізді. Соған қарамастан бірнеше минуттан кейін Reuters тілшісі Мао Ниннен “Қытай Украинаны егемен мемлекет ретінде тани ма?” деп сұрады. Қытайлық дипломат бұл сұраққа жауап беріп қойғанын күлкіден гөрі күрсінуге ұқсас реакциясымен білдірді.

Кейін ол былай деді:

«Сіз жауапты жақсы біліп тұрсыз. Украина — БҰҰ-ның толық мүшесі. Бәріміз БҰҰ-ға тек егемен елдер мүше бола алатынын түсінеміз. БҰҰ жарғысының мақсаты мен қағидасына және бейбіт өмір сүрудің бес қағидатына сәйкес, Қытай Украинамен берік қарым-қатынас орнатты және оны дамытып жатыр. Қытайды сынау я тиісті елдермен қарым-қатынасын бұзу әрекеттері сәтсіз».

Баспасөз мәслихатының толық нұсқасын Firstpost Youtube арнасынан көруге болады.

Осылайша, фактчекерлер Қытай елшісінің сөзі мен күлкісі контекстіден жұлынып алынған және ақпарат бұрмаланған деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz