Ұлыбританияда адам жасушасынан ет өндіре бастады ма?

2023 жылғы шілдеде интернетте видео тарады. Онда Ұлыбританияда адам жасушаларынан ет дайындау әдісі ойлап табылғаны айтылған. “Проверено” фактчекерлер деректі тексеріп көрді.

Ролик жарнамаға ұқсайды. Онда Good Harvest компаниясы туралы баяндалған: дәл осы өндіріс орны адам жасушасынан ет дайындау әдісін ойлап тапқан-мыс. Видеода бейнеленген ер адам “адамдарға арналған адам еті” басқаларға қарағанда арзан әрі дәмді екенін сөз етеді. Ал кейбір қолданушы роликті мынадай сипаттамамен бөлісіп жүр: “MasterChef деген кулинария туралы реали-шоудың судьясы Грегг Уоллес британдық негізгі арнаның бірі Channel 4-те “керемет адам етін” мақтады. Лабораторияда адам тінін ірі ет бөлігіне айналдырады, кейін оны стейк, гамбургер, шұжық әзірлеу үшін қолдануға болады” (1, 2, 3).

2023 жылғы 24 шілдеде Channel 4 арнасына MasterChef шоуының жүргізушісінің “Грегг Уоллес: британиялық ғажап ет” деген деректі фильмі шыққаны рас. Ол арнаның сайтына да жарияланған. Ондағы сипаттамада: “Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты Грегг Уоллес лабораторияда өсірілген жаңа етті зерттеп жатыр. Өнім әзірлеушілері бұл ет өмір үшін маңызды дағдарысты шешуге көмексетінін мәлімдеді”.

Алайда бұл шығарылым — псевдодеректі фильм, яғни әзіл ретінде түсірілген. IMDb сайты оны комедияға жанрындағы фильмге жатқызды. Оның сценарийін жазушы Мэтт Эдмонд 1729 жылы жарық көрген Джонатан Свифттің “Қарапайым ұсыныс” деген сатиралық очеркіне сүйеніп жазған. Ол кезде Ирландияда аштық болған және Свифт осы проблеманы шешу үшін сәбилерді жеу керек екенін айтқан.

Ал видеодағы Good Harvest компаниясы ойдан шығарылған. Авторлардың айтуынша, псевдодеректі пародия адамдардың дағдарыста отбасын кедейліктен аман алып қалу үшін не нәрсеге дейін баруы мүмкін екенін көрсетуі керек болған. Алайда арна көрерменінің көбі сатираны шын ақпарат деп ойлап қалған. Бұл туралы Independent басылымы жазды.

Осылайша, адам жасушасынан ет әзірлеу әдісі туралы видео әзіл ретінде түсірілген.

Factcheck.kz