Ұлыбритания заңсыз онлайн-контентке қарсы күресті күшейтті

Ұлыбританияда жақында күшіне енген Online Safety Act заңына сәйкес, Ofcom органы елдегі шетелдік интернет-сервистерге заңсыз контентті жою туралы ескертулер жіберді. Талаптарды орындамаған компаниялар 18 миллион фунт стерлингке дейінгі айыппұл немесе әлемдік кірісінің 10%-ін төлейді. Бұл туралы SecurityLab хабарлады.

Бірақ радикал аудиториясы бар платформалар Ұлыбританияның талабын орындаудан ашық түрде бас тартқан. Олардың қатарында америкалық Gab әлеуметтік желісі мен Kiwi Farms форумы бар. Gab платформасында неонацистік контент таралса, Kiwi Farms ұйымдасқан кибербуллиң әрекеттерімен танымал. Екі сервис те Ұлыбритания талабын «цензура» деп атады.

Gab өкілдері Дональд Трамптың (№14149) жарлығына сүйеніп, бұл мәселені АҚШ-тың сауда өкілі мен Әділет министрлігіне жеткізетінін мәлімдеді. Құжатқа сәйкес, АҚШ үкіметтік агенттіктері америкалық азаматтардың сөз бостандығын шектеуге жол бермеуі керек.

Ал Kiwi Farms платформасы бұған дейін Cloudflare компаниясының шешімімен бұғатталған, енді ол Ұлыбританияда тікелей қолжетімсіз болып отыр. Дегенмен Ofcom өкілдері бұл шектеулер пайдаланушыларға емес, интернет-сервистерге бағытталған дейді.

Бұл мәселе екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға да әсер етуі мүмкін. АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Джей Ди Вэнс — Еуропа мемлекеттерінің америкалық платформаларға шектеу қоюын жиі сынаған саясаткер. Британ үкіметіндегі дереккөздердің айтуынша, Лондон қоғамдық айыптаулардан аулақ болуға тырысқан, бірақ қазіргі жағдайда жанжалдан қашу қиынға соғып отыр.

Ofcom өкілдері Online Safety Act заңнамасы сөз бостандығын шектеуге емес, Ұлыбритания тұрғындарын заңсыз контенттен қорғауға бағытталғанын еске салды. Тыйым салынған контенттердің ішінде нәсілдік араздықты қоздыру, алаяқтық және балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық материалдары бар. Талаптарды орындамаған компанияларға қатаң санкциялар салынатыны да айтылды. Британ үкіметі қажет болған жағдайда жарнама, төлем жүйелері мен интернет-провайдерлерді бұғаттау туралы сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Контекст

Бұған дейін Ұлыбритания билігі сексуалдық сипаттағы дипфейк жасауды жеке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыратынын хабарлаған.

Журналист

Factcheck.kz