Вашингтондағы USAID штаб-пәтері жабылып, агенттіктің логотиптері мен гуманитарлық қызметінің суреттері ғимараттардан алынып тасталды, ал ресми сайты жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Vlast.kz CNN басылымына сілтеме жасап хабарлады.
CNN ақпаратынша, USAID қызметкерлерінің көпшілігіне Вашингтондағы кеңсеге келмеу жөнінде электрон хат келген. Хабарламада агенттік басшылығының шешімімен 2025 жылғы 3 ақпаннан бастап Вашингтондағы USAID штаб-пәтері жабылатыны айтылған. Агенттік қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшуге тиіс, ал кеңседе болуы қажет мамандармен басшылық жеке байланысады делінген.
Басылымның жазуынша, өткен аптада USAID қауіпсіздік қызметінің екі жоғары лауазымды қызметкері жұмыстан шеттетілген. Бұған олардың мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментіне қызметкерлердің жеке файлдары мен құпия ақпаратқа кіруге рұқсат бермегені себеп болған. Қазір АҚШ Мемлекеттік департаменті енді USAID-тің барлық ішкі құжаттарына мен жүйелеріне толық кіре алады.
Кейбір заң шығарушылар мен гуманитарлық ұйымдар президент Дональд Трамптың әкімшілігі USAID-ті толығымен жабуды және оның қызметтерін Мемлекеттік департаментке беруді көздеп отырғанын айтады. Кәсіпкер Илон Маск X әлеуметтік желісінде Трамппен осы мәселені талқылағанын және оның USAID-ті жабуға келіскенін мәлімдеді. Алайда демократтар Конгресс мақұлдамастан, президенттің федералды агенттікті таратуға құқығы жоқ екенін алға тартты.
Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін, шетелге берілетін гуманитарлық көмекті 90 күнге тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Бұл халықаралық қаржыландыру жүйесінде дүрбелең туғызып, бағдарламалардың жабылуына, жұмыссыздыққа әкелді.
USAID – 1961 жылы президент Джон Кеннеди әкімшілігі кезінде құрылған АҚШ-тың гуманитарлық агенттігі. Ол жыл сайын ауруларды емдеуге, аштық пен табиғи апаттар, кедейлікпен күресуге миллиардтаған доллар бөледі. Оған қоса, USAID демократиялық институттардың дамуына қолдау көрсетіп, үкіметтік емес ұйымдарды, тәуелсіз БАҚ-ты және азаматтық жобаларды қаржыландырады.