Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды

Жақында өтетін сайлау жөніндегі сауалнамаға қатысқан респонденттің 61,2%-і қай партияға дауыс беретінін әлі шешпеген.

2023 жылғы 4-11 наурыз аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп, азаматтар арасында «Қазақстандықтардың электорал таңдауы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнама партияларды қолдау деңгейін, сайлау алдындағы белсенділігін және халықтың сайлауды қабылдауын қамтыды.

Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 62,5%-і сайлауға қатысатын партиялардың ешқайсы “халықтың мүддесін қорғамайды” деп есептейді. Ал 22,5%-і, керісінше, партиялар тізімінде өз өкілдерінің бар екеніне сенімді. 15%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналған. Сауалнамаға қатысқандардың 64,1%-і Мәжіліс депутатына үміткерлер арасында “халық өкілдері жоқ” деп есептейді. 24,8%-і, керісінше, өз кандидаты сайлау тізімінде бар дейді. 11,1%-і бұл сұраққа жауап бере алмаған.

DEMOSCOPE зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтың жартысынан көбі (59,6%) сайлауға баруды жоспарлап отыр. 27,7%-і дауыс беруге бармайды, ал 12,7 %-і әлі ештеңе шешпеген.

Алайда респонденттің 61,2%-і қай партияға дауыс берерін әлі білмейді. Бір қызығы, сауалнамаға қатысқандардан кімге дауыс беретінін сұрағанда, азаматтардың 4,2%-і сайлау тізіміне енбеген басқа партияны атады. Ал 2,2%-і барлығына қарсы дауыс беруді жоспарлағанын жеткізген.

  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды
  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды
  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды
  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды
  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды
  • Қазақстандықтың көбі партиялар халық мүддесін қорғамайды деп санайды

Сонымен қатар сауалнамада азаматтардың сайлау нәтижелеріне деген сенім деңгейіне талдау жасалды. Респонденттің жартысынан көбі (52,1%) алдағы дауыс беру нәтижелеріне сенетінін мәлімдеді. Оның 12,6%-і толық сенсе, 39,5%-і жартылай сенеді. Ал респонденттің 37,6%-і сайлау нәтижелеріне сенбейтінін, оның 15,4%-і мүлдем сенуге болмайтынын, 22,2%-і күмәнданатынын айтты.

Респонденттің 54,9%-і алдағы сайлауды Қазақстандағы демократияны қалыптастырудағы нақты қадам ретінде есептесе, 32,8%-і бұл пікірмен келіспеген.

Оған қоса қазақстандықтың жартысына жуығы (49,9%) оппозиция партиялары сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын жеткізсе, респонденттің үштен бірі (30,5%) бұл пікірді қолдамайды.

Сауалнама халықтың сайлау процесінің ашық өтуіне деген сұранысының жоғары деңгейін көрсеткенін атаған жөн. Осылайша, азаматтардың абсолют көпшілігі (92,4%) үшін еліміздегі сайлаудың шынайы әрі еш бұрмалаусыз өткені маңызды. Респонденттің тек 5,7%-і бұл тезиспен келіспейді.

DEMOSCOPE

Дегенмен сауалнамаға қатысқандардың 55,9%-і Қазақстандағы сайлау нәтижесі алдын ала белгіленіп қойғанына және сайлаушыларға байланысты емес екеніне сенімді. Ал үштен бір бөлігінен астамы (34,8%) мұнымен келіспейді.

Сауалнама авторларының айтуынша, азаматтар сайлау процесіндегі жаңалықтардан хабары жоқ. 62,5%-і 2022 жылғы конституция өзгерісінен кейін қабылданған дауыс берудің жаңа ережелерінен бейхабар. Ал азаматтың үштен біріне жуығы, яғни 31,1%-і өзгерістер туралы біледі және тағы 6,4%-і бұл туралы аз да болса естіген.

Оған қоса олардың 41,7%-і сайлау науқанын, үміткерлердің үгіт-насихатын бақылайтынын айтса, 50,3%-і бұған мүлдем қызықпайды. Ал 7,9%-і жауап беруге қиналған.

Қорыта айтсақ, DEMOSCOPE жүргізген сауалнама нәтижелері халықтың басым бөлігі сайлауда қай партияға, қай депутатқа дауыс беретінін әлі шешпегенін көрсетті. Дегенмен қоғам сайлаудың әділ әрі ашық өткенін қалайды.

Factcheck.kz