Қазақстанда 2024 жылғы 1 қазаннан бері 30 адамнан метапневмовирус анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, адам метапневмовирусы – көптеген елде ондаған жыл бойы таралған классикалық вирустардың бірі.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға 8 360 үлгі зерттелген. Оның ішінде оң 1866 (22%), оның ішінде паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%)», – делінген хабарламада.
Ведомствоның жазуынша, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы тарайды. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады.
Тұмау мен ЖРВИ-дың профилактика шаралары:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
- үйді үнемі желдету;
- қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
- ауру адамды оқшаулау;
- тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және мектепке дейінгі ұйымдарға, мектепке жібермеу.
- ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.