Қаңтар оқиғасына қатысты 44 адамға үкім шықты

27 қаңтарда Алматыда Қаңтар оқиғасы кезіндегі қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деп айыпталған 44 адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сот Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақовты 15 жыл 6 айға, Арман Жұмагелдиевті 20 жылға, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенді 8 жылға бас бостандығынан айырды. Құдайберген мен Ысқақов мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына шектелді.

Бұдан бөлек, осы іс бойынша сот 41 адамның барлығын кінәлі деп танып, оларды 1 жыл 3 айдан 15 жылға дейінгі мерзімге соттады. Олардың ішінде қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Махатов, журналист Бердах Бердімұрат та бар.

2023 жылғы 15 қыркүйекте Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдаулары басталды. Арман Жұмагелдиев («Дикий Арман») тәртіпсіздік ұйымдастырды, бірнеше адамды ұрлап, азаптады деп айыпталды. Ал Руслан Ысқақовқа өкілеттігін асыра пайдалану, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру айыптары тағылған.

18 қыркүйекте өткен кезекті тыңдау барысында Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде бұйрықтарды ҰҚК төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Самат Әбіш бергенін мәлімдеді. Бұдан кейін сот процессі жабық режимге ауыстырылды. Самат Әбіш – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Былтыр наурызда ол Қаңтар оқиғасында билігін асыра пайдаланды деп 8 жылға шартты жаза алған.

Журналист

Factcheck.kz