Тбилисиде 29 желтоқсанда Грузияның жаңа президенті Михаил Кавелашвилидің инаугурациясынан кейін адамдар наразылық акциясына шықты. Бұл туралы Vlast.kz Deutsche Welle басылымына сүйеніп хабарлады.
Бұрынғы президент Саломе Зурабишвили бұл жолы парламенттегі наразылық акциясына қатысқан жоқ. Ол Орбелиани сарайынан кеткеннен кейін Мцхета қаласындағы Светицховели Грузин православ шіркеуінің соборына барған.
“Мен бұл жерден заңдылықты өзіммен бірге алып кетемін. Мен резиденцияда боламын ба, жоқ па, ештеңе өзгермейді. Бұл президенттік резиденция заңды президент болған кезде символ болды. Мен Грузияның жалғыз заңды президенті болып қала беремін”, – деді Зурабишвили президент сарайына жиналған жақтастарына.
Зурабишвилидің үндеуінен кейін митиңге шыққандардың бір бөлігі Орбелиани сарайынан Грузия парламентінің ғимаратына барған. Дәл сол жерде Кавелашвилидің инаугурациясы өтіп жатқан. Парламент ғимаратын қауіпсіздік күштері қорғауға алып, наразылық білдірушілерді ұстаған. Наразылық акциялары Батумиде де өтті.
Бұл оқиғадан бір күн бұрын, 28 желтоқсанда “Грузин арманы” партиясының ресейшіл саясатына қарсы митиң өтті. Елдің түкпір-түкпірінен наразылық білдірушілер қол ұстасып, “Грузия бірлігі үшін тізбегін” жасады.
Грузиядағы президент сайлауы 14 желтоқсанда өткенін еске салайық. Сайлауға қарапайым халық қатысқан жоқ, президентті сайлау алқасы таңдады. Сайлау нәтижесі бойынша “Грузин арманы” партиясының кандидаты, парламенттің бұрынғы депутаты Михаил Кавелашвили елдің алтыншы президенті болып сайланды. Сол кезде Саломе Зурабишвили Грузиядағы сайлауда “ешкім ешкімді таңдамады” деп айтқан. Премьер-министр Ираклий Кобахидзе Зурабишвили 29 желтоқсанда резиденциядан кетпесе, оған қарсы қылмыстық іс қозғалады деп ескертті.
Басты беттегі сурет DW сайтынан алынды.