Еуроодақта жасанды интеллекті қолдануға қатысты жаңа ережелер күшіне енді

2025 жылғы 2 ақпаннан бастап Еуроодақтың ЖИ туралы заңы (AI Act) бойынша қауіпсіздік, денсаулық, құқыққа «қауіп» тудыратын ЖИ жүйелерін пайдалануға тыйым салды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.

Заңға сәйкес, Еуроодақта адамның әлеуметтік мінез-құлқын бағалайтын ЖИ бағдарламаларын қолдануға, манипуляция жасауға, алаяқтыққа қолданылатын «робот қоңырауларға» тыйым салынады.

Бейнебақылау камераларына да ЖИ қолдануға болмайды. Алайда полиция мен құқық қорғау органдары адам саудасы мен терроризмге қатысты қылмыстарды тергеу үшін ғана ЖИ технологияларын пайдалана алады.

Еурокомиссияның айтуынша, жаңа ережелердің басты мақсаты – тек тұтынушылардың құқығын қорғау ғана емес, сондай-ақ ЖИ жүйелерін дұрыс пайдалану мен басқаруды қамтамасыз ету.

Бірақ жаңа заңды бизнес иелері сынға алды. Мәселен, Bitkom басқарма мүшесі Зузанна Демель «заңдағы тыйымның нақты қандай қосымшаларға қатысты екенін түсіну қиын» деді.

«Саясаткерлер компанияларға қатал талаптар қойып, қысқа мерзімдер белгілесе де, өздерінің жұмысын дұрыс атқармаған. Қазір барлық нәрсе ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін компаниялардың мойнында. АҚШ-та ЖИ-ға жүздеген миллиард доллар инвестициялап жатыр, Қытай аса қуатты тілдік модельдер шығаруда, ал біз Еуропада ЖИ компанияларының дамуына кедергі келтіреміз», – деп атап өтті Демель.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық Орталық Банк президенті Кристин Лагард өз блогында Еуропаның бәсекеге қабілеттілігіне қауіп төнетінін мойындады. «Жасанды интеллект саласында әлемде революция жүріп жатқанда, Еуроодақ артта қалуы мүмкін», – деп жазды олар.

Дегенмен олар Еуропаның қажетті мүмкіндіктерге ие екенін айтады, себебі Еуроодақта әр миллион тұрғынға келетін техникалық мамандар саны АҚШ-пен бірдей.

Журналист

Factcheck.kz