Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) мәліметтері бойынша, 2024 жыл алты халықаралық дерек жиынтығына сәйкес рекордтық ең жылы жыл деп танылды. Ал кейінгі он жыл толықтай ең ыстық жылдар ондығына еніп, рекордтар сериясын жаңартты. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) хабарлады.
ДМҰ талдағандай, 2024 жылы жер бетінің орташа температурасы 1850-1900 жылдардағы орташа деңгейден 1,55 Цельсий градусқа жоғары болған және 0,13 градус қателік шегі бар. Бұл – индустрияға дейінгі кезең көрсеткішінен 1,5 градусқа асып түскен бірінші жағдай.
«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бүгінгі талдауы тағы да жаһандық жылынудың қатал шындық екенін дәлелдейді», – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Дегенмен температураны бағалауда әрдайым дәлсіздік болады. Барлық алты дерек жиынтығы 2024 жылдың тарихта ең жылы болғанын растаса да, әдістемедегі айырмашылыққа байланысты бәрі бірдей 1,5 градустан жоғары температураны көрсетпейді.
«Қарастырылған жылдардағы температураның Цельсий бойынша 1,5 градустан асқаны мақсатқа ұзақ мерзімді перспективада жете алмаймыз дегенді білдірмейді. Бұл бізге дұрыс жолға қайта түсу үшін одан да көп күш салу керегін аңғартады. 2024 жылдың рекордтық температурасы 2025 жылы климаттық өзгерістерге революциялық әрекет ету керегін көрсетеді. Климаттық апаттың ең ауыр салдарларынан әлі де құтылуға мүмкіндігіміз бар, бірақ көшбасшылар әрекет етуі керек және дәл қазір әрекет етуі керек», – деп қосты БҰҰ басшысы.